Павлодарда сынақ хаттамасын беру кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды

Павлодарда сынақ хаттамасын беру кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды

«Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Павлодар филиалының жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша аккредиттеу және техникалық реттеу саласындағы заңнаманы өрескел бұзу фактілері анықталды. Филиал Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 415-1-бабы 1-бөлігінің 1) және 2) тармақтары бойынша 6 ай мерзімге аккредиттеу аттестатының қолданылуын тоқтата тұра отырып, 2 359 200 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындаумен әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Тексеру барысында 2024 жылғы 13 желтоқсанда сынақ орталығы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған Бх типті, II маркалы ұсақ түйіршікті асфальтбетонды қиыршық тас қоспасына Сынақ хаттамасын заңсыз бергені анықталды. Хаттама үлгілерді нақты іріктеусіз және қажетті зертханалық сынақтар жүргізусіз ресімделді. Маман А.Я. Бестаеваның түсіндірмесіне сәйкес хаттаманы ресімдеу тапсырыс берушінің ауызша өтініші бойынша жүзеге асырылды. Құжат дұрыс емес мәліметтерді қамтыды және материалдық сыйақы орнына берілді.

Бұл оқиға сәйкестікті бағалау рәсімдерін қатаң сақтау, сынақтардың объективтілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылым объектілерінің қауіпсіздігіне әсер ететін нәтижелерді бұрмалауға жол бермеу қажеттігін атап көрсетеді.