Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы

Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы

2025 жылдың 19 маусымында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукованың төрағалығымен Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді үйлестіруге бағытталған негізгі мәселелер қаралды. Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова «Ұлттық техникалық регламенттерді әзірлеу және енгізудің қазіргі жағдайы туралы» баяндама жасады.

2025 жылы Қазақстан Республикасының «Алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті күшіне енді. Сонымен қатар, «Көмір мен оларды қайта өңдеу өнімдеріне қойылатын талаптар» регламенті бекітілді, сондай-ақ қолданыстағы «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» регламентіне өзгерістер енгізілді деді Есенбекова.

Қазіргі уақытта жоғары кернеулі жабдықтардың (әзірлеуші – ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі),спорттық жабдықтар мен құралдардың (әзірлеуші – ҚР Туризм және спорт министрлігі) техникалық регламенттерінің жобаларын әзірлеу жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы бірыңғай техникалық регламенттер бойынша Қазақстанның міндеттемелері талқыланды.

Отырысқа қатысушылар 2025 жылдың 25 қаңтарында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі бекіткен ЕАЭО техникалық регламенттерінің ғылыми-техникалық деңгейін бағалау жөніндегі Жоспарды іске асыруға Қазақстанның қатысуын талқылады.

Бес жылдық жоспар аясында Қазақстан Республикасы 8 техникалық регламентті, Беларусь Республикасы – 5, Ресей Федерациясы – 16 регламентті бағалау үшін жауапты елдер ретінде айқындалды.

Бағалау бекітілген тәртіпке сәйкес жүргізіледі және техникалық регламенттерді қазіргі ғылыми-техникалық жетістіктерге, ЕАЭО елдерінің ұлттық тәжірибелеріне және халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.

Сонымен қатар, отырыс барысында ЕАЭО мен Қазақстан Республикасының 60 техникалық регламенті бойынша сынақ базасымен қамтамасыз етілуіне жүргізілген талдау ұсынылды. «KazStandard» РМК жүргізген бұл талдау 1 200-ден астам нысан бойынша 17 мыңнан астам қауіпсіздік көрсеткіштерін қамтыды.

Зертханалық базаны қосымша жабдықтау қажеттілігі тамақ және құрылыс өнімдері, теміржол көлігі, машина жасау және өрт қауіпсіздігі техникасы салаларында байқалады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар ведомстволық зертханаларды жаңғырту және олардың аккредитациясын кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Жекеменшік зертханалар да өздерінің техникалық мүмкіндіктерін нығайту бойынша шаралар қабылдауда.

Отырыста қаралған мәселелер ұлттық техникалық реттеу жүйесін дамыту үшін аса маңызды. Өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық міндеттемелерді орындау және зертханалық инфрақұрылымды нығайту басым міндеттердің қатарында.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі бұл бағыттарда салалық министрліктермен, бизнес-қоғамдастықпен және сарапшылармен бірлесе отырып жұмысты жалғастырады.