Қазақстан мен Словакия: стандарттар серіктестігі

Қазақстан мен Словакия: стандарттар серіктестігі

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Словакияның стандарттау, метрология және сынақтар жөніндегі басқармасы (ÚNMS SR) техникалық реттеу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтиды. Оған стандарттау, метрология, аккредиттеу, сәйкестікті бағалау және ұлттық талаптарды еуропалық нормалармен үндестіру кіреді.

Бұл стратегиялық келісім Қазақстандағы сапа инфрақұрылымын нығайтудың және отандық өнімнің, ең алдымен, Еуропалық Одақ нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды құралына айналады.

Қол қою рәсімі Астанада өткен Қазақстан-Словакия бизнес-форумы аясында өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік құрылымдары, даму институттары, экспорттық агенттіктері мен іскерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Форум іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен жобаларды талқылауға арналған маңызды алаң болды.

Форум Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен Словакияның инвестициялар мен сауданы дамыту жөніндегі SARIO агенттігінің бас директоры Роберт Шимончичтің құттықтау сөздерімен ашылды. Екі тарап та мемлекетаралық диалогтың тұрақтылығына ерекше мән беріп, Қазақстан мен Словакия арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың өсу әлеуетіне сенім білдірді.

Пленарлық сессияда салалық министрліктер мен ұйымдардың жетекші сарапшылары бас қосты: «KazakhExport» экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, Словакияның EXIMBANK SR, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, сондай-ақ «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы. Қатысушылар су үнемдеу технологияларын дамыту, экспортты ынталандыру құралдары, инвестициялық тетіктер мен бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.

Форум аясында экология және инновациялық технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Словакиялық PROMA компаниясы мен қазақстандық GreenEcoService компаниясы арасында келісімге қол қойылды.

Форумның қорытынды бөлігі B2B және B2G форматтарында өтті, онда кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері өндірісті жергілікті жерде орналастыру, экспорттық жеткізілімдер мен нақты бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Форум делегация басшыларының баяндамаларымен аяқталды. Олар Қазақстан мен Словакия арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, оның негізінде орнықты даму, инновациялар және ашық нарықтар секілді ортақ басымдықтар жатқанын растады.