Ақтөбе және Қостанай облыстарында дәстүрлі ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы өтті

Ақтөбе және Қостанай облыстарында дәстүрлі ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы өтті

Ақтөбе және Қостанай облыстарында жыл сайынғы ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы мәреге жетті. Оған «Қазхром», ССКӨБ кәсіпорындарының жас қызметкерлері, сондай-ақ ERG мен Колледждер альянсы құрамындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысты.

Хромтау тау-техникалық жоғары колледжі, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжі және Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі байқаудың 11 құзыреттілігі бойынша ең көп қатысушы қабылдап, жас мамандардың дағдыларын көрсету үшін өздерінің заманауи шеберханалары мен зертханаларын ұсынды.

– Жыл сайын ERG Skills қарқын алып, жаңа есімдер танылып, елімізде жұмысшы мамандықтарының беделін нығайтып жатыр, - деп атап өтті байқаудың ашылуында «Қазхром»ТҰК» АҚ персонал және мәдениет жөніндегі директоры Нұргүл Нұрғалиева. – Былтырғы байқаудың жеңімпазы атанған Дөң тау-кен байыту комбинатының түлектері табысты жолдың жарқын мысалы бола алады. Олар шыңдалған практикалық дағдыларының арқасында біздің компанияны халықаралық аренада лайықты деңгейде көрсетіп, Қытайдағы беделді байқауда жүлделі орындарға ие болған еді. Сондықтан биыл да халықаралық аренада өз құзыреттіліктерін қорғайтын жаңа жұлдыздар болады деп ойлаймын.

Кәсіби байқауда «жұлдыздар» шынымен де жарқырады. Мысалы, «дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша – Дмитрий Кунаев, «электромонтаж» Данил Дрижак, «өнеркәсіптік автоматика» – Балғынбек Мырзабек, «пайдалы қазбаларды байыту» – Балауса Әуесхан жеңімпаз атанды. Олардың барлығы Хромтау тау-техникалық жоғары колледжінің студенттері. «Слесарлық іс» құзыреттілігінде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің студенті Аят Сайлау үздік атанса, «инженерлік графика СAD» бойынша Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенті Аралбек Жанысбековке тең келер ешкім болмады.

– Колледжге оқуға түскенде мен тіпті электр сымын да жаға алмайтынмын. Ал бүгін өз құзыреттілігім бойынша бірінші орынды иелендім. ERG Skills маған тек жеңіс қана емес, сонымен қатар  өзіме үлкен сенімділік берді. Сондықтан жақын арада басқа да байқауларға қатысуды жоспарлап отырмын, - деді Хромтау тау-техникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Дмитрий Кунаев.

Жеңімпаздардың арасында ERG кәсіпорындарының жас қызметкерлері де бар. Олар: «еңбекті қорғау» құзыреттілігі бойынша үздік атанған – Елизавета Скрыпник, «химиялық талдау зертханасы» - Еламан Марат, «тау-кен ісі» - Марғұлан Үмбаев, «маркшейдерлік іс және геодезия» - Ерасыл Қадіржанов. Олар – Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері. Ал «токарлық іс» санатында Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан келген Жиренше Абдрахманов жеңіске жетті.

– Мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытында төрт жылдан бері жұмыс істеймін. Зауытта маңызды тәжірибелік база алдым. Мен оқып жүргенде бізде қазіргі заманғы станоктар болған жоқ. Бірнеше жыл ішінде жабдықтар жаңартылып, заманауи құралдар пайда болды. Әрине, жеңісім үшін қуанышымда шек жоқ, - дейді Жиренше Абдрахманов.

ERG Skills байқауы жұмысшы мамандықтары саласындағы кәсібиліктің эталоны болып саналатын WorldSkills стандарттары бойынша өткізіледі. Оның негізгі идеясы – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру. Бұл Мемлекет басшысы жариялаған «жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ерекше өзекті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ERG және «Қазхром» кәсіпорындарының басшылары қатысты.

– Біз ERG Skills байқауына қатысушылардың кәсібилігі мен шеберлігінің өскенін мақтанышпен бақылаймыз. Сіздердің жұмыстарыңызға баға берген компаниямыздың сарапшылар байқау тапсырмаларын орындауда сіздердің көпшілігіңіз көрсеткен жоғары біліктілік пен кәсіби тәсілді атап өтті. Барлығыңызды кәсіби мансаптарыңыздағы маңызды қадамдарыңызбен құттықтаймын. Сіздердің жетістіктеріңіз – бұл сіздің жеке табыстарыңыз бен мүмкіндіктеріңіз. Тәжірибелеріңіз әріптестеріңізге үлгі болсын, - атап өтті «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директоры Серік Шахажанов.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды және ERG кәсіпорындарына жұмысқа қабылдау кезінде басым кандидаттардың тізімінде болады. Сонымен қатар биыл ERG Skills тарихында алғаш рет «Қазхром»ТҰК» АҚ басшылығының бастамасымен үздік тәжірибелік дағдылары мен шеберлігін көрсеткен колледждің 8  студентіне Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа шақыру сертификаттары табысталды.

Қостанай облысының Жітіқара және Лисаковск қалаларында ERG Skills аясында тау-кен құзыреттіліктері бойынша байқаулар өтті. Жітіқара политехникалық колледжінде «Маркшейдерлік іс және геодезия» құзыреттілігі бойынша Жітіқара политехникалық колледжінің студенті Жанат Тукеев жеңімпаз атанды. Екінші орынды «ССКӨБ» АҚ-ның маркшейдерлік жұмыстарындағы тау-кен жұмысшысы Дана Баяндинова иеленді. Үшінші орынды Дананың әріптесі Шыңғыс Елемесов пен Жітіқара политехникалық колледжінен келген Александр Синельниковке бұйырды.

ERG Skills шарасына «ССКӨБ»-тен келген маркшейдерлер ғана емес, әріптестерінің тәжірибесіне қызығушылық танытқан басқа кәсіпорындардың өкілдері де келді. Сарапшылар тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Лисаковск техникалық колледжінде «Пайдалы қазбаларды байыту» құзыреттілігі бойынша алғашқы екі орынды осы оқу орнының студенттері – Давид Байчурин мен Карина Мендыбаева жеңіп алды. Үшінші орынды Рудный тау-кен технологиялық колледжінен Ринат Камзиев иеленді.

«Тау-кен ісі» құзыреттілігі бойынша Рудный индустриалды университетінің студенті Илья Палий үздік атанды. Екінші орында «ССКӨБ» АҚ экскаватор машинисі Виктор Трофимов. Үшінші орында Лисаковск техникалық колледжінен Виктор Николаев.

21-23 мамыр күндері Ақсу қара металлургия колледжінде ERG Skills қатысушылары токарлық іс, дәнекерлеу технологиялары, слесарлық іс, еңбекті қорғау және химиялық талдаузертханасы бойынша үздіктерді анықтайтын болады.

ERG Skills Рудный қаласында 9-10 маусымда аяқталады. Рудный тау-кен технологиялық, политехникалық, құрылыс және көлік колледждерінің базасында дәнекерлеу технологиялары, электромонтаж, токарлық іс, еңбекті қорғау, инженерлік графика, слесарлық іс сияқты құзыреттіліктер бойынша жарыстар өтеді.