«Шахтное» кен орнында жүргізілген бұрғылау жұмыстары аяқталды

«Шахтное» кен орнында жүргізілген бұрғылау жұмыстары аяқталды

Kazakhmys Barlau Қарағанды облысындағы Ұртынжал-Шахтное рудалық алабында орналасқан «Шахтное» алтын кен орнында жоспарлы бұрғылау жұмыстарын аяқтады. Учаске мыс-порфирлі жүйенің құрамына кіретін,  жекелеген алтын кенді орындардың бірі. 

Атқарылған геологиялық барлау жұмыстарының басты мақсаты – алтынның таралу сипатын ескере отырып, оның нақты мөлшерін анықтау.

Геологиялық барлау бағдарламасының жобалау кезеңінде мамандар бұрынғы зерттеу материалдарын ғана емес, 2022–2024 жылдар аралығында Qazaq Geophysics компаниясы жүргізген заманауи геофизикалық зерттеулер нәтижелерін де кеңінен пайдаланды.

Бұрғылау жұмыстарының жалпы көлемі 2200 пог. м. құрады. Жұмыстар ағымдағы жылғы наурыз айында басталып, CS 140 маркалы екі бұрғылау қондырғысының көмегімен атқарылды.

Бұрын жүргізілген шағын технологиялық сынамалар алтынның кен денесінде біркелкі таралмағанын және құрамының едәуір ауытқып отыратынын көрсеткен. Осыған орай, мамандар кеңейтілген диаметрлі ұңғымаларды (dPQ) бұрғылауға шешім қабылдады. Мұндай тәсіл зерттеу ауқымын ұлғайтуға және кенді өңдеудің өте тиімді әдістерін анықтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта далалық жұмыстардың геологиялық сүйемелдеуінің соңғы кезеңі жүргізілуде, мәселен, бұрғыланған керн егжей-тегжейлі құжатталып, сынамаларға бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл процестен кейін алынған материалдар зертханалық-аналитикалық зерттеулерге жолданатын болады.