Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс саласының ел экономикасындағы жетекші рөлін атап өтті. Олжас Бектенов биылғы бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 1 трлн теңгеден асқанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға жоғары екенін жеткізді. Сондай-ақ 3,7 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы көрсеткіштен 7,5%-ға артық.
«Еліміздің көптеген өңірінде құрылыс жұмыстарының қарқыны арта түскені байқалады. Бұдан саланың орнықты дамуын көруге болады. Жалпы құрылыс секторы елдің инфрақұрылымдық негізін қалыптастырады. Көптеген жұмыс орындарын құрып, бизнестің дамуына және азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді»,
— деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов: құрылыста цифрлық шешімдерді енгізу құрылыс жобаларын іске асыру мерзімдерін едәуір қысқартуға, шығындарды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында құрылыс саласын цифрландыру және қала құрылысы кадастры мәселесі қаралды.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, осы салада цифрлық шешімдерді енгізу құрылыс жобаларын іске асыру мерзімдерін едәуір қысқартуға, шығындарды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Нысандарды үш өлшемді модельдеу, цифрлық қала құрылысы кадастрлары, жобаларды келісудің электрондық платформалары сияқты технологиялар және картография жүйелерімен интеграциялау құрылыс саласындағы қалыпты нормаға айналып келеді»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр цифрлық құралдарды қазақстандық тәжірибеде қолдануға баса назар аударды.
«Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын, eQurylys порталын және Ақпараттық модельдер банкін енгізе отырып, біз қағаз жүзіндегі құжат айналымынан түпкілікті цифрлық үдерістерге көшеміз. Бүгінде инженерлік инфрақұрылымның 90%-дан астамы цифрландырылды. Рұқсат құжаттамасын беру және жобаларды келісу бойынша мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру іске қосылды. EGov порталы арқылы қол жеткізуге болатын үлестік құрылыстың бірыңғай тізілімі құрылды»,
— деп атап өтті Премьер-министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылыс саласында Бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Олжас Бектенов 1-ші қазанға дейін инженерлік желілер схемалары мен қала құрылысы құжаттарын цифрландыруды аяқтауды тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс саласының барлық қолданыстағы платформаларын бір жүйеге біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың соңына дейін Бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Ол құрылыс саласының қолданыстағы барлық порталдарын бірыңғай платформада интеграциялайтын болады. Жүйеде «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша қала құрылысын жоспарлаудан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейінгі өзекті ақпараттардың барлығы жинақталады»,
— деп атап өтті Премьер-министр.
Премьер-министр жүйені іске қосу үшін барлық өңір әкімдіктеріне осы жылғы 1-ші қазанға дейін инженерлік желілер схемалары мен қала құрылысы құжаттарын қоса алғанда, барлық деректерді цифрландыруды аяқтауды, сондай-ақ құрылыс блогын цифрландыру жұмысын ерекше әрі тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Дереккөз: Primeminister.kz