Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар қазақстандық тауар өндірушілердің қызметіне қатысты заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырысты ашқан Сенат Төрағасы, алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерге назар аударды. Мәулен Әшімбаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, осы бағыттағы бастамаларды іске асыру жолында барлық қазақстандықтың күш жұмылдыруы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Сенат қызметіндегі негізгі басымдық болып қала беретінін айтып, Палата жұмысының алдағы бағыттарына тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде аталған институттың ел дамуындағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімділігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Бұл міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының және жалпы Сенаттың назарында болады. Осы бағытта депутаттардың барлық мүдделі тараппен жүйелі диалог құруының маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
«Бүгін мақұлданған заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Сенат депутаттарының бастамасымен әзірленді. Құжат қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы тетіктерді одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заң арқылы жаңа қазақстандық тауар өндірушілердің тізімін жүргізудің қағидалары мен ережелері айқындалды. Олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер де енгізілді. Сондай-ақ ірі тапсырыс берушілер үшін елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеуге қатысты қосымша ережелер көзделген. Заң отандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Осы құжат арқылы 3 Кодекске және 19 заңға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, қазақстандық тауар өндіруші, қарсы міндеттемелер, цифрлық верификация сияқты негізгі ұғымдар айқындалды. Уәкілетті органның құзыреті қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ, осы тізілімді жүргізу жөніндегі жаңа функциялармен толықтырылды. Көрсетілген тізілімді қосу және одан шығару тәртібі де айқындалған. Уәкілетті мемлекеттік органның құзыретіне Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ, онда тауарларды тіркеу жөніндегі функция енгізілген. Тиісті заң тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сыныптаудағы біріздендірудің бірыңғай жүйесін қамтамасыз ететін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы сыныптауышын жүргізу жөніндегі нормалармен толықтырылды.
Заң қолданыстағы сертификаттау құралынан жаңа тәртіпке кедергісіз көшуді қамтамасыз ету үшін өтпелі кезеңді көздейді. Осылайша, Тізілімді қалыптастырудың жаңа тетігі қолданысқа енгізілгенге дейін берілген тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін өз қолданысын сақтайды.