2025 жылғы 23 сәуірде Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығының конгресс-залында елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің өзекті мәселелері мен даму перспективаларына арналған республикалық кеңес өтті. Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нурсултан Керемкулов пен «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Макка Шингазиева қатысты.
Іс-шараға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің, табиғи монополияларды реттеу комитетінің, су арналардың және сумен жабдықтау кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында Нұрсұлтан Керемқұлов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы қол қойған жаңа «Су кодексінің» негізгі ережелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар ол «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының басым бағыттарын таныстырды. Өз сөзінде ол инфрақұрылымды жаңғыртуға жүйелі түрде қараудың, инновациялық шешімдерді енгізудің және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің елдегі тұрақты сумен жабдықтау және су бұру жүйесін қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар сумен жабдықтау және су бұру саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстармен бөлісті, сондай-ақ саладағы заманауи технологияларды енгізу мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында тәжірибе алмасу маңызды екендігін атап өтті. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың өзара іс-қимылын нығайтуға және тұрғындарға сапалы коммуналдық қызметтерді қамтамасыз етуге бағытталған тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.