«Qazaq Geophysics» (QG) ЖШС 2025 жылғы дала маусымын ресми түрде ашты. Қазір компания мамандары бірқатар жаңа жобалар аясында жерүсті геофизикалық зерттеулерін жүргізіп жатыр.
Маусымның басталуына дейін компания Канаданың Торонто қаласында өткен PDAC 2025 халықаралық көрмесіне қатысып, өз технологияларын таныстырған болатын. Көрме алаңында шетелдік серіктестермен келіссөздер өткізіп, алдағы уақытта енгізілетін геофизикалық шешімдер мен технологиялық трансфер мәселелерін талқылаған еді.
Маусым аясындағы алғашқы ірі жобалардың бірі – Нұрқазған кенішіндегі желдету оқпанына 3D-сканерлеуді жүргізу болды. Аталған жұмыс өндірістік нысанның техникалық жағдайына кешенді талдау жасауға, деформацияларды анықтауға және алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба тау-кен жұмыстарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жерасты инфрақұрылымын ұтымды жоспарлауға бағытталған.
Геофизиктер Қарағанды облысында жоғары дәлдіктегі магнитобарлау жұмыстары жүргізуде. Зерттеу жұмыстары заманауи жоғары сезімтал магнитометрлердің көмегімен, үздіксіз жазу жүйесін қолдану арқылы іске асырылуда.
Сонымен қатар Жетісу облысында электрбарлау жұмыстары басталды. Зерттеулер жердің электрлік кедергісін және жасанды поляризацияны (ВП) уақыттық және жиіліктік аймақтарда, сондай-ақ орташа градиент әдісі (СГ-ВП) негізінде жүзеге асырылуда.
Атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – еліміздің минералдық-шикізат базасын кеңейту, жаңа кен орындарын анықтау және перспективалы учаскелерді айқындау.
Ағымдағы маусым аясында Qazaq Geophysics еліміздің бірнеше өңірінде кешенді геофизикалық жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отыр, атап айтқанда: магниттік барлау, электрбарлау, аэрогаммаспектрометрия, ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы аэрофототүсіру және TargetEM жүйесін қолданатын аэрогеофизикалық зерттеулер. Аталған жобалар шетелдік компаниялармен және инвестициялық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылмақ.
Дала маусымы а.ж қазан айының соңына дейін жалғасатын болады.
Анықтама:
«Qazaq Geophysics» ЖШС – геофизикалық зерттеулер саласындағы отандық жетекші компания. Қазақстан мен Орталық Азияда авиациялық қауіпсіздік саласы бойынша BARS және IAGSA (International Airborne Geophysics Safety Association) халықаралық сертификаттарына ие жалғыз ұйым.