Мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында кәсіпорындардың 84,7 млн теңгеге өтінімдері мақұлданды

Мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында кәсіпорындардың 84,7 млн теңгеге өтінімдері мақұлданды

2025 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындардың шығындарын өтеу аясында 84,7 млн теңгеге өтінімдерді мақұлдады. Бұл туралы  «QazIndustry» АҚ Бизнес ынталандыру дирекциясы хабарлады.

«Еңбек өнімділігін арттыру мен тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге байланысты шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша кәсіпорындардан барлығы 145 өтінім келіп түсті. Мақұлданған өтемақы көлемі 84 миллион 734 мың теңгені құрады», - делінген хабарламада.

Бірінші бағыт бойынша өтінімдердің басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Қарағанды және Алматы облыстарындағы кәсіпорындардан түскен. Әсіресе, металлургия, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісі салаларындағы кәсіпорындар белсенділік танытты.

Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ілгерілету бойынша ең көп өтінім Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан түсті. Бұл бағыт бойынша негізінен жеңіл және фармацевтика өнеркәсібі кәсіпорындары белсенділік танытты.

QazIndustry мамандары кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті жерлерде кеңес беру іс-шараларын жалғастыруда.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпаратты https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support сілтемесі арқылы және әр сейсенбі және бейсенбі күндері «QazIndustry» ғимаратында (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өтетін Ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.