QazIndustry 63 миллион теңгеге кәсіпорындардың өтінімдерін мақұлдады

QazIndustry 63 миллион теңгеге кәсіпорындардың өтінімдерін мақұлдады

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеу шараларын жалғастыруда. Жыл басынан бері орталыққа еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ілгерілетуге бағытталған шығындарды өтеу бойынша 58 өтінім түсті.

QazIndustry бизнесті ынталандыру дирекциясының мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша кәсіпорындардың шығындарын өтеуге мақұлданған сома 63 млн 184 мың теңгені құрады. Өтінімдердің басым бөлігі еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларымен байланысты.

Өтінімдердің ең көп саны Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан түскен. Кәсіпорындар арасынан әсіресе, металлургия, агроөнеркәсіп кешені (азық-түлік пен сусын өндірісі) және құрылыс материалдарын шығаратын салалар белсенділік танытуда.

Мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру жұмыстары аясында QazIndustry өкілдері өндірістік-инновациялық қызмет субъектілеріне кеңес беру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізуде. Осы бағытта жыл басынан бері ашық есік күндерін қоса алғанда, жалпы саны 8 іс-шара ұйымдастырылды. Мамандар сондай-ақ мемлекеттік қолдау механизмдерін  түсіндіру мақсатында кәсіпорындарға бару арқылы да түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.