«Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасының екінші кезегінің құрылысы мен іске қосылуы

«Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасының екінші кезегінің құрылысы мен іске қосылуы

Шахтаның құрылысы 1978 жылы «Алмаз-Жемчужина», «Миллионное», «Первомайское» және «№ 21» кен орындарының базасында басталған. Алғашында шахта «Орталық» деп аталған. 1999 жылы қуаттылығы жылына 100 мың тонна кен өндіретін кеніштің бірінші іске қосу кешенінің бірінші кезегі іске қосылды. 2001 жылы бірінші кезеңнің толық қуаттылығы жылына 2 млн тонна кенге жетті. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне орай шахта «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» деп аталды.

Қазіргі таңда екінші кезектің құрылысы аяқталу сатысында. Бұл ерекше жоба екі кен орнын, сондай-ақ алты жер асты горизонтты қамтиды, олардың бірі – минус 480, әлемдегі ең терең горизонттардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, Қазақстандағы ең терең шахталық ствол да осы жерде орналасқан – жер астынан бір шақырымнан астам тереңдікте.

Заманауи өндірістің жобалық қуаты жылына 7 млн тонна кеннен асады. Кен өндіру үшін жаңа, жоғары өнімді жүйелер мен ең озық өздігінен жүретін техникалар қолданылады. Жоғары техникалық жабдықталу қол еңбегін айтарлықтай азайтады және әрбір шахтердің еңбек өнімділігін арттырады, ал «ақылды» жер асты позициялау жүйесі персонал мен техниканың орналасуын анықтап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жаңа шахтаны іске қосу ферросплав зауыттарының тұрақты жұмыс істеуі үшін ғана емес, Хромтау моноқаласы үшін де стратегиялық маңызы бар. Өйткені ДГОК – қаланың негізгі кәсіпорны. Жоба іске қосылған кезде 1000 жұмыс орны ашылады. ERG компаниясы шахта құрылысына 1 031 миллиард теңге инвестиция салуда.