А. ж. 12 маусымында ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші оқылымы барысында тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасы мақұлданды.
Заң жобасы аясында «Отбасы банкі» ұлттық даму институтына айналады. Оның негізгі міндеті – республика бойынша азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй қатынастарын дамыту. Осылайша, тұрғын үйді есепке алу, орналастыру және бөлу орталықтандырылады. Алайда үй кезегінде тұрғандарды сатып алынған және салынған баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әкімдіктердің құзырында.
«Отбасы банкі» негізінде Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады, оған қандай да бір санатқа жататынына қарамастан, баспанаға мұқтаж барлық азаматтар кіреді. Орталық мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген бірыңғай ақпараттық база болады.
Орталықты құру тіркеу процесін жеңілдетеді. «Баспанаға мұқтаж» мәртебесін растау үшін бірнеше органға хабарласудың, содан кейін кезекке тұрып, несие алу үшін банкке барудың қажеті жоқ болады.
Мемлекеттік қолдаудың жаңа моделі бойынша тұрғын үйді бөлу тіркеуге тұру мерзімі мен табыс деңгейіне қарай жүзеге асырылады. Күнге негізделген принцип тұрғын үйді барлық азаматтар арасында тең бөлуді қамтамасыз етеді.
Табыс деңгейіне қарай кезекте тұрған адамға жыл сайынғы мөлшерлеменің 2-5%-ы көлемінде субсидияланатын жалдау ақысы, жалдамалы тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық несие түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.
Азаматтардың жағдайын жақсарту бойынша қолдау шаралары бір рет көрсетілетінін айта кеткен жөн. Бұл жағдайда ағымдағы күту тізіміне тіркелу тоқтатылады.
Тұрғын үйге мұқтаж кез келген ҚР азаматы қандай да бір санатқа жататынына қарамастан тұрғын үй алуға тіркеле алады.
Сондай-ақ заң жобасында жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз, оның ішінде жалғыз баспанасы қауіпті деп танылған азаматтарға жекешелендіру құқығын беру ұсынылады. Бұл азаматтардың тұрғын үйге меншік құқығын алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ коммуналдық тұрғын үйді ұстауға арналған бюджет қаражатын қысқартады.
Заң жобасы азаматтардың құқықтарын жақсартуға және олардың мүдделерін қорғауға оң әсерін тигізеді. Ол халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету тиімділігін арттырып, тұрғын үй алу тәртібін оңтайландырады және азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай механизмін енгізуге мүмкіндік береді.