Металлургия өнеркәсібінің дамуы: 4 айдағы көрсеткіштер және жаңа жобаларды әзірлеу

Металлургия өнеркәсібінің дамуы: 4 айдағы көрсеткіштер және жаңа жобаларды әзірлеу

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ҚР Парламенті Сенатында өткен «Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасындағы экономиканың өңдеуші секторын дамыту» тақырыбындағы тыңдауларда металлургия саласындағы көрсеткіштер туралы мәліметтермен бөлісіп, жоспарланған жобалар жайында айтты.

А. ж. 4 айы бойынша өндірістің өсімі 5,1% құрады. Осы жыл соңына дейін болат өндірісі 4 млн тоннаға дейін, тегіс прокаты –  2,6 млн тоннаға дейін, шойын –  3 млн тоннаға дейін жетуі жоспарлануда. Мыс бойынша өндіріс көлемінің артуы «КазЦинк», «Казахмыс» және «KazMinerals» кәсіпорындары, мырыш және қорғасын – «КазЦинк», алюминий – «Қазақстан алюминий зауыты» есебінен қамтамасыз етіледі.

«Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ірі серпінді жобаларды іске асыру арқылы өндеу секторын жедел дамытудағы өнеркәсіпті дамытудың негізгі бағытын белгіледі. Осы мақсатта ірі жобалар тізбесі айқындалды, оның ішінде металлургия саласында 5 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда», – деді Министр.

Біріншісі – «Mineral Product International» ферросилиций, тікелей қалпына келтірілетін темір және болат өндіретін зауыттар салуды көздейтін Металлургиялық кластердің инвестициялық жобасы. Келесі жоба «Qarmet» кешенін жаңғыртуды оңалту және жүргізуге бағытталған. Үшіншісі – жаңа мыс балқыту зауытын салу жобасы, ол индустрияландырудың Бірыңғай картасына енгізілген және қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесі пысықталып жатыр. Одан кейінгісі – ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу, бұл жоба темір кені шикізаты өндірісінің жоғалған көлемін толтыруға және оны қосылған құны жоғары қайта өңдеудің қосымша қайта бөлуін жасауға мүмкіндік береді. Соңғы жоба – «Polymetal» компаниясының құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өндеу жөніндегі жаңа автоклав өндірісі. Жобаның арқасында елімізде бұрын мүмкін болмаған жоғары көміртекті концентраттарды қайта өңдеуге болады.

Сонымен қатар, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында өнеркәсіп нысанын жобалауға қажет инженерлік, геологиялық және геодезиялық жұмыстар жүргізілуде.