2023 жылы өңдеу саласының өндіріс көлемі 21,6 трлн теңгені құрады

2023 жылы өңдеу саласының өндіріс көлемі 21,6 трлн теңгені құрады

Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Жаңа өнеркәсіптік саясат – өңдеу өнеркәсібін дамытудың сапалы жаңа моделі» тақырыбындағы Үкімет сағатында айтты.

Өткен жылы қол жеткізілген нәтижелер мен анықталған мәселелерді талдау негізінде Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023 – 2029 жылдар кезеңіне арналған өзектендірілген Тұжырымдамасы қабылданды. Аталған стратегиялық құжат индустрияландыруды тереңдетуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және негізгі салаларға ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту үшін жағдайлар жасауға бағытталған шаралар кешенін көздейді.

«Жалпы, өңдеу сала өнімдерінің өндірісі оң динамиканы көрсетеді. 2023 жылы өндіріс көлемі 21,6 трлн теңгені құрады», – атап өтті Министр.

         Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің өсуі келесі секторларда өндірістің өсуі есебінен қамтамасыз етілді: ағаш өңдеу секторында 38%-ға, машина жасауда 25,4%-ға; жеңіл өнеркәсіпте 12,2%-ға және құрылыс индустриясында 6,1%-ға. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі болса өткен жылға қарағанда 11,2%-ға артып, 1,7 трлн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың өсуіне өзге көлік құралдарын өндірудегі инвестициялардың 7 есеге (теміржол машина жасау: локомотивтер, вагондар, жартылай вагондар, платформа); киім өндіруде 5,6 есеге; жиһаз өндіруде 4 есеге; автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінде 3,5 есеге ұлғаюының арқасында қол жеткізілді.

    Сурет ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметінен алынды

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі