Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйді қалпына келтіру жөніндегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін 3 жедел топ құрды

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйді қалпына келтіру жөніндегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін 3 жедел топ құрды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева мәлімдеді.

Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 12 сәуірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық объектілерін қалпына келтіру жөніндегі барлық жұмыстарды жергілікті жерлерде үйлестіру үшін 3 жедел топ құрды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған бірінші жедел топ кеше Ақтөбе облысына барды, одан әрі Ақмола және Қостанай облыстарына баратын болады.

Құрылыс және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жүнісбеков бастаған 2-ші жедел топ кеше Павлодар облысында болды, бүгін Абай облысында, одан әрі Шығыс Қазақстан облысына барады.

«Мемсараптама» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директоры Қуандық Қажкенов бастаған 3-ші жедел топ кеше Батыс Қазақстан облысына барды, одан әрі Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарына барады.

Жедел топтың құрамына Ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау, су ресурстары, Төтенше жағдайлар, экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлері, сондай-ақ Үкімет Аппаратының аймақтық инспекторлары кірді.

Кеше Ақтөбе облысына сапары барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салу үшін әкімдік бөлген жер учаскелерінің жай-күйін тексерді.

Әкімдіктің ақпараты бойынша өңірде 436 дайын жер учаскесі бар, оның ішінде Ойыл ауданында – 321, Қобда ауданында – 77, Әйтекеби ауданында – 22, Темір ауданында – 10 және Ақтөбе қаласында – 6 жер учаскесі бар.

Министр жүргізіліп жатқан жұмыстардың жеделдігі мен сапасына көз жеткізу үшін қалпына келтіру мәселесін жеке бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, Қанат Шарлапаев жергілікті кәсіпкерлермен және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында алдағы қалпына келтіру жұмыстары аясында бірлескен жұмыс жоспарлары мен стратегиясы талқыланды.

Қалпына келтіру процесін жеделдетуге және оның сапасын арттыруға көмектесетін құрылыс процестерін оңтайландыру мәселелері қозғалды. Министр жоспарлаудан бастап тікелей құрылысқа дейінгі жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде ашықтық пен жариялықтылықтың маңыздылығын атап өтті.

 

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс  министрлігінің баспасөз қызметі