Уақытпен тексерілген Қазақстан-Грузия ынтымақтастығы

Уақытпен тексерілген Қазақстан-Грузия ынтымақтастығы

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында, «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» «ВНИИцветмет» филиалының мамандары Лариса Кушакова, Динара Қасымова және Евгений Старцев «RMG Copper» АҚ (Тбилиси, Грузия) компаниясына іссапармен барды. Отандық институт пен осы компания он жылдан астам уақыт бойы өзара тиімді ынтымақтастық құрып келеді.

Бір кездері институт Манднеул кен орындары тобы (Грузия) бойынша жұмыстар кешенін жүргізді. Қазақстандық кенші-мамандар кенді өндіру және қайта өңдеу технологиясына арналған технологиялық регламент әзірледі, ал институттың байыту зертханалары базасында орындалған аз сульфидті мыс кенін байытуға арналған зерттеулер нәтижелері бойынша ұсынылған үймеде шаймалау технологиясына регламент дайындалды, ол бойынша кәсіпорын бүгінгі күнге дейін табысты жұмыс істеп келеді. Соңғы бірлескен жұмыстар Бектақар кен орнының (Грузия) қорғасын-мырыш кенін өңдеу бойынша зерттеулерге қатысты. Біздің ғалымдар зауыт жұмысының технологиялық сұлбасын жаңғырту бойынша сындарлы ұсыныстар мен кеңестер енгізді, бұл асыл металдар бойынша көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік берді.

Сапар барысында тараптар ағымдағы жұмыстарды орындау бойынша өзекті мәселелерді талқылады, Маднеул байыту фабрикасына барды. Кездесу қорытындысы бойынша одан әрі ынтымақтастықты арттыру қажеттілігі туралы екі жақты пікірге келіп, өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары белгіленді.