Қатысушылар KIOSH конференциясы алаңында еңбек қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларына сандық технологияларды енгізу, жеке қорғану құралдарының жаңа жүйелері, еңбек қорғауды басқару жүйелері, сондай-ақ мемлекеттік және ішкі бақылау сияқты саланы дамытудың өзекті мәселелерін қарастыруда.
Спикерлер Конференцияның пленарлық сессиясында өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жұмыс орындарындағы проблемаларды, оларды шешу жолдарын, сондай-ақ ең үздік әлемдік тәжірибені енгізу мәселелерін талқылады. Конференцияны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов ашты.
"ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің негізгі міндеті өнеркәсіп салаларының қауіпті өндірістік нысандарында еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызметкерлердің денсаулығына зиян келтіруді болдырмау және өндірістік жарақаттануды азайту болып табылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау 8 мыңнан астам кәсіпорында, оның ішінде 211 мыңнан астам нысандар мен қауіпті техникалық құрылғыларда жүзеге асырылады. Бес жыл ішінде жарақаттануды талдау барысы көрсеткендей, қызметкерлердің жарақаттануының негізгі көрсеткіштер саны көмір және тау - кен саласына тиесілі, бұл республика бойынша 49% -дан астам көрсеткішті құрайды", - деп атап өтті Қанат Баитов.
Осы мәселені шешу үшін министрліктің бастамасы бойынша аумақтық органдар кәсіпорындар басшыларымен бірлесіп жыл сайын техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарларын әзірлейді, оның шеңберінде 2015-2018 жылдар кезеңінде 8663 бірлік жабдық пен 350 технологиялық желі ауыстырылды.
Қабылданған шаралар нәтижесінде нысандардың қауіптілік деңгейін және өндірістік жарақаттану көрсеткіштерін жыл сайын төмендетудің белгілі бір үрдісі байқалды. Атап айтқанда, соңғы бес жылда (2014-2018 жылдар) тіркелген өндірістік апаттар мен жазатайым оқиғалардан қаза болғандардың саны 2,3 есеге азайды.
ҚР ИИДМ әзірлеген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңының жобасы шеңберінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіпорындардың өндірістік бақылауының рөлін арттыру мақсатында өндірістік бақылау қызметтерінің лауазымды тұлғаларының қызметін регламенттеу және олардың мәртебесін күшейту ұсынылды.
Осы бағытта белгіленген шараларды іске асыру қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі апаттар мен өндірістік жарақаттанудың төмендеуін және біздің республика экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.