Қазақстанның АЭА-лары шамамен 16 трлн теңгенің өнімін өндірді

Қазақстанның АЭА-лары шамамен 16 трлн теңгенің өнімін өндірді

Еліміз бойынша 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, оның ішінде 2025-2026 жылдары құрылған төрт жаңа алаң бар. Бизнес үшін жасалған қолайлы жағдайлар, инженерлік инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау шаралары ауқымды жобаларды жүзеге асыруға және бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіруге мүмкіндік берді.

Мемлекет бизнеске өндірістерді іске қосуды жеделдетуге, заманауи технологияларды енгізуге және экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге көмектесіп келеді. АЭА аумақтарында барлығы 561 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 11,5 трлн теңгені құрады, 38 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 15,9 трлн теңгенің өнімі өндірілді, оның 1,1 трлн теңгесі экспортқа тиесілі.

Елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін ірі жобалар қатарында мыналар бар:

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС – Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында іске қосылған еліміздегі алғашқы газ-химия кешені. Кешеннің еліміздің мұнай-газ химиясы кластерін қалыптастырудағы маңыз зор. KPI жобалық қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етіп, республиканың экспорттық әлеуетін едәуір арттырады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 366,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

«Тау-Кен Алтын» ЖШС – «Астана – жаңа қала» АЭА аумағындағы қауқары жылына 25 тонна тазартылған алтын және 50 тонна күміс өндіруге жететін негізгі жобалардың бірі. Жобаны іске асыру Қазақстан ішінде бағалы металдарды өңдеудің толық циклін қамтамасыз етуге және металлургия саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашты. Бүгінгі таңда зауытта 8,8 трлн-нан астам теңгенің өнімі өндірілді.

«СМИТ Орталық Азия» ЖШС – «Сарыарқа» АЭА аумағындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Онда халықаралық сапа талаптарына сәйкес келетін жылу оқшаулағыш құбыр жүйелері: мұнай-газ, коммуналдық және энергетика салаларына арналған құбырлар мен фитингтер өндіріледі. Кәсіпорынның қауқары жылына 30 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Өндірілген өнім көлемі 33,64 млрд теңгені құрады.

«Түркістан тоқыма» ЖШС (Lihua Group) – Түркістан облысындағы «Turan» АЭА аумағында мақта-тоқыма кешенін дамытып келеді. 2025 жылғы желтоқсанда өндірістің бірінші кезеңі іске қосылып, 430 жұмыс орны құрылды. Кешен толық қуатына шыққаннан кейін жыл сайын 11,4 мың тонна иірілген жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жиынтығы және 4 млн көрпе өндіру жоспарланып отыр. Өндірісті дамыту отандық мақтаны дайын тоқыма өніміне дейін өңдеуге және экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге мүмкіндік ашады.

Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» АЭА аумағында жүгеріні терең өңдейтін «Shengtai Biotech» ЖШС (Fufeng Group) зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Бірінші кезеңнің қуаты жылына 500 мың тонна жүгері өңдеуге жетеді. Жоба аясында крахмал, аминқышқылдарын және жемшөп қоспаларын өндіру көзделген. Кешенді дамыту ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді арттыруға және қосылған құны жоғары өнімдерді шетелдік нарықтарға жеткізу ісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаның барлық кезеңі жүзеге асырылса, шамамен 1,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.

Осылайша, арнайы экономикалық аймақтар ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға және Қазақстан экономикасын дамытуға кең мүмкіндіктер ашады. АЭА мен индустриялық аймақтардың қызметін QazIndustry үйлестіреді.