Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша семинар өткізілді

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша семинар өткізілді

2026 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Әдеп жөніндегі уәкілеттінің жұмыс жоспары шеңберінде Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Көлік министрлігінің мемлекеттік қызметшілеріне арналған бірлескен семинар өткізілді.

Семинар барысында екі өзекті бағыт қарастырылды:

  1. «Заң мен Тәртіп идеологиясын қоғамда ілгерілетудің жаңа тәсілдері»;
  2. «Заңсыз сыйақы және пара: түсінігі және ажырату белгілері».

Спикер ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясы кафедрасының доценті, әділет кеңесшісі Нұрғали Берікұлы Рахимов сөз сөйледі.

Бірінші тақырып шеңберінде қатысушыларға «Заң мен тәртіп» идеологиясының мазмұны мен тұжырымдамалық негіздері, оның заңдылық, әділдік және заң мен сот алдында теңдік қағидаттарымен байланысы түсіндірілді. Заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашықтықты қамтамасыз етудегі және азаматтардың сенімін нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету барысында туындайтын негізгі мәселелер, оның ішінде жекелеген іс-шаралардың формалды және бір реттік сипатта өткізілуі, бірлесіп орындаушылардың жеткіліксіз белсенділігі, іс-шараларды іске асырудың нақты алгоритмінің болмауы, сондай-ақ басшылардың жеке қатысуын арттыру қажеттілігі қарастырылды. Практикалық тәсілдер ретінде бір реттік ақпараттық науқандардан жүйелі жұмысқа көшу, құқықтық ағартудың заманауи нысандарын және азаматтардың әртүрлі санаттарымен түсінікті коммуникация тәсілдерін пайдалану қажеттігі атап өтілді.

Семинардың екінші бөлігі заңсыз материалдық сыйақы және пара үшін жауаптылық мәселелеріне арналды. Қатысушыларға заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңілдіктер мен көрсетілетін қызметтерді беру және алу үшін жауаптылықты реттейтін заңнама нормалары түсіндірілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676–678-баптарында көзделген тиісті әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауаптылық мәселелері қаралды.

Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366 және 367-баптарында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттерді ажыратуға ерекше назар аударылды. Ажыратудың негізгі өлшемдері ретінде алдын ала уағдаластықтың болуы немесе болмауы, сыйақы беруге немесе алуға негіз болған әрекеттің (әрекетсіздіктің) сипаты, сондай-ақ құқықтық саралау үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар қарастырылды.

Сонымен қатар қатысушыларға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заңнамада көзделген өзгерістер, оның ішінде параны талап еткені, сондай-ақ параны ұсынғаны және уәде еткені үшін қылмыстық жауаптылық белгіленетіні туралы ақпарат берілді.

Бірлескен оқыту іс-шараларын өткізу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңдылық пен адалдық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік органдарда орнықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.