
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру аясында геология, өнеркәсіп және құрылыс салаларын цифрлық трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аталған бағыттар бойынша 2028 жылға дейін қол жеткізілуі тиіс көрсеткіштер айқындалды. Атап айтқанда, геологиялық барлау жұмыстарына тартылатын жеке инвестиция көлемін 30%-ға арттыру көзделіп отыр. Өнеркәсіп саласында еңбек өнімділігінің жыл сайын 7%-ға өсуін қамтамасыз ету, роботтандыру ісін дамыту, кемінде 5 отандық интегратор және 3 құзырет орталығын құру жоспарлануда. Құрылыс саласындағы техникалық тұрғыда күрделі жаңа нысандардың 100%-ында BIM технологиясын қолдануға кезең-кезеңімен қол жеткізу қарастырылған.
«Геология саласын цифрландырудың негізгі кезеңі аяқталды. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, көпшілікке қолжетімді етілді. Мемлекеттік қызметтер Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталы арқылы көрсетіледі.
Цифрлық аукцион тетігін енгізу және геологиялық деректердің қолжетімділігін арттыру аукциондардан түсетін кірістің 7 есе өсуін қамтамасыз етті. Келесі міндет – геологиялық деректерді талдау және перспективалы учаскелерді анықтау үшін жасанды интеллектті қолдану», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Өнеркәсіп саласында цифрландырудың негізгі нәтижесі – еңбек өнімділігінің артуы. Мұндағы негізгі құралдардың бірі – цифрлық сыңарлар. Оларды енгізудің нақты нәтижесі қазірдің өзінде байыту фабрикаларының мысалынан көрініп отыр.
Кен құрамындағы пайдалы компоненттер мөлшерінің төмендеуінен туындайтын мәселені шешу үшін датчиктер мен компьютерлік көру технологияларын пайдалана отырып, технологиялық үдеріске цифрлық сыңарлар енгізілуде. Мәселен, осы ретте KAZ Minerals мысты алу көрсеткішін 2%-ға арттыруға және фабриканың өнімділігін 7%-ға өсіруге қол жеткізді.
Министр 2028 жылға қарай цифрлық сыңарларды ірі кәсіпорындардың кемінде 60%-ына енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Осындай тәсіл автомобиль өнеркәсібінде де қолданылуда. Жасанды интеллект логистикадан бастап сапаны бақылауға дейінгі бүкіл өндірістік тізбекте пайдаланылады. Нақты нәтиже – ақаулар санының 39%-ға азаюы, өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайлардың 8 секунд ішінде анықталуы. Сонымен қатар өндірістік желіні қайта баптау үшін үдерісті тоқтатпай-ақ бірнеше бренд пен модельді шығаруға болады. Осылайша, сала жекелеген операцияларды автоматтандырудан интеллектуалды өндіріске көшуде
Жинақталған құзыреттерді экспорттық өнімге айналдыру маңызды. Мысал ретінде Тбилисидегі Lactalis тобына кіретін кәсіпорынды роботтандыру жобасын іске асырып жатқан қазақстандық Vexor компаниясы келтірілді. Компания өз инжинирингі, конвейерлік жүйелері, бағдарламалық жасақтамасы, машиналық көру технологиялары және монтаждау жұмыстары негізінде кешенді шешімдер экспорттайды. Оларды қолданысқа енгізу өндіріс көлемін 30%-ға арттырып, жоспардан тыс тоқтап қалуды 95%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Келесі қадам – осындай шешімдерді кеңінен қолдану және отандық инженерлік қызметтердің экспортын дамыту.
Осындай жобаларды кең ауқымда іске асыру үшін Қазақстанда құзыреттер инфрақұрылымы қалыптастырылуда. Қазірдің өзінде өнеркәсіптік роботтарды сынақтан өткізу базасы бар және автомобиль өнеркәсібімен бірлесе нақты жұмыстар жүргізетін Farabi Robotics орталығы құрылды. Astana Hub-та зерттеу жүргізуге және мамандар даярлауға арналған жеке робототехника алаңы іске қосылды. Келесі кезеңде өнеркәсіптік сынақтан өткізу, оқыту және инжиниринг бағыттарын біріктіретін IFTC технологиялық полигонын құру жоспарланып отыр. 2028 жылға дейінгі мақсат – кемінде 3 құзыреттер орталығын және кемінде 5 отандық интеграторды қалыптастыру
Салада нысан құрылысының басталуынан аяқталуына дейінгі аралықтағы негізгі кезеңдерді қамтитын бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастырылды. Келесі қадам – Ғимараттарды ақпараттық модельдеу (Building Information Model (BIM) жүйесіне көшу. Биылғы 1 тамыздан бастап бірқатар нысанда, оның ішінде ірі мектептерде, әуежайларда, тоннельдерде, көпірлерде және бірегей ғимараттарда BIM жүйесін қолдану міндеттеледі. 2028 жылға қарай жаңадан салынатын техникалық тұрғыда күрделі нысандарда BIM қолдану көрсеткіші 100%-ға жетеді.
«Тағы бір практикалық бағыт – мемлекеттік сараптама ісінде ЖИ қолдану. Қазірдің өзінде ЖИ жобалық құжаттаманың түгел болуын тексеру үшін пайдаланылуда. Мұндай тексеруден 864 жоба өтті, автоматтандырылған тексеру орта есеппен 6 минут алады, ал құжаттардың жалпы толықтығын тексеру мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқарды. Осы жылдың соңына дейін ЖИ-дің тағы үш модулін әзірлеу аяқталады. Олар құжаттаманы, сызбаларды, инженерлік желілерді және сметаларды автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың барлық негізгі үдерісіне ЖИ енгізуді жоспарлап отырмыз», — деді министр.
Қорытындылай келе, Ерсайын Нағаспаев министрлік тиісті бағыттар бойынша цифрлық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі мен инвестициялық тартымдылықты арттыруға баса назар аудара отырып, жұмысты жүйелі түрде жалғастыра беретінін атап өтті.