
Орал қаласында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Кажкеновтың Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесу барысында тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй қорын жаңарту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ құрылыс саласындағы өзгерістер талқыланды. Вице-министр азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуына қолжетімді мүмкіндіктер ұсыну мемлекет үшін негізгі әлеуметтік басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 642,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2026 жылы өңірге 645 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылды. Бұл шамамен 5,3 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың сегіз айында 332,9 мың шаршы метр немесе 2 687 пәтер пайдалануға берілді. Мемлекеттік қолдау аясында 543 жалға берілетін және 529 кредиттік тұрғын үй сатып алынды. 465 азамат 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық қарыз алды, тағы 326 қарыз «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары бойынша берілді. Тұрғын үй қорын жаңартуға да ерекше назар аударылды. Облыста 2 533 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 334-і авариялық және тозығы жеткен үйлер санатына жатады, ал 1 581 үйде күрделі жөндеу жүргізу қажет. Орал қаласында 1 815 көппәтерлі тұрғын үй орналасқан, оның ішінде 61 авариялық және 216 тозығы жеткен үй бар. 2029 жылға дейін 20 авариялық үйді бұзу жоспарланған. Тозығы жеткен және авариялық тұрғын үйді жаңарту үшін реновация тетігі де қолданылады. Ол меншік иесіне ауданы бойынша тең жаңа тұрғын үй беруді немесе тұрғын үйдің нарықтық құны бойынша өтемақы алуды көздейді.
Кездесу барысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері де қаралды. 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында 146,2 км сумен жабдықтау желісі реконструкцияланды. Коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі жаңарту «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалғасады. Сонымен қатар Орал қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының жай-күйі талқыланды. Нысанның тозу деңгейі 88%-дан асады. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі тарапынан нысанды реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын 2026 жылдың IV тоқсанында алу жоспарланған.
Сондай-ақ вице-министр жаңа Құрылыс кодексін іске асыру барысы туралы айтып берді. Жаңа тәсілдер құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, қала құрылысы жоспарлауын жетілдіруге, цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды енгізуге, сондай-ақ құрылыс саласындағы процестердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Кездесу соңында Қуандық Кажкенов өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Негізгі өтініштер тұрғын үй жағдайына, көппәтерлі үйлердің жай-күйіне және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға қатысты болды. Сонымен қатар азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындарға тиісті түсініктемелер берілді.