Қазақстандағы өнеркәсіптік кәсіпорындарға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу арқылы мемлекеттік қолдау көрсету шаралары жалғасуда. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы өнеркәсіптік кәсіпорындарға 425,3 млн теңгеден астам қаражат өтеді. Бұл туралы Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясы хабарлады.
Өтелген шығындардың негізгі бөлігі, яғни 416,1 млн теңге, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған бірінші бағыт бойынша төленді. Атап айтқанда, кәсіпорындардың технологиялық жабдықтарды сатып алуға, қызметкерлерді оқытуға, процестерді оңтайландыруға және цифрлық шешімдерді енгізуге жұмсаған шығындары өтелді.
Мұндай қолдауды машина жасау, металлургия, жеңіл, химия, ағаш өңдеу және фармацевтика өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс материалдарын, пластмасса және резеңке бұйымдарын өндіру салаларындағы кәсіпорындар алды. Өтінім беру белсенділігі бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жоғары болды.
Сонымен қатар 9,1 млн теңгеге жуық қаражат екінші бағыт - өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге байланысты шығындарды өтеу бойынша төленді. Оның ішінде зертханалық сынақтардан өткізуге, халықаралық сертификаттауға, тауарларды міндетті таңбалауға арналған жабдықтарды сатып алуға, оның ішінде аяқ киім өндірісіне қажетті жабдықтарға жұмсалған шығындар бар.
QazIndustry бизнеске жұмсаған шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін өтейтінін еске салады. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мемлекеттік ынталандыру шараларының аясын кеңейтті. Атап айтқанда, отандық компанияларға басым тауарларды ел ішінде теміржол арқылы тасымалдау шығындарының 50%-ын өтеу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар халықаралық сертификаттаудан өтуге жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері бес есеге артты.