Қазақстан ТМД Жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңесіне төрағалық етуді Беларусьқа тапсырды

Қазақстан ТМД Жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңесіне төрағалық етуді Беларусьқа тапсырды

Минск қаласында (Беларусь Республикасы) ТМД Жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңесінің XXIX сессиясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Қанат Ерубаев төрағалық етуші тараптың өкілі ретінде аталған құрылымның өткен кезеңдегі қызметі туралы есеп берді.

Сондай-ақ Қазақстан тарапынан Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Саида Нигматова және геология және геофизика жөніндегі сарапшы Дулат Әжғалиев сөз сөйледі. Сонымен қатар Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның геологиялық қызметтері басшыларының 2025-2026 жылдардағы жұмыс нәтижелері және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен жұмыстардың перспективалық жоспарын іске асыру барысы туралы баяндамалары тыңдалды.

«Mineral Museum» (Қазақстан) қоғамдық қоры мен «Геологиялық музей» (Өзбекстан) мемлекеттік мекемесінің басшылары Геологиялық және минералогиялық музейлердің халықаралық қауымдастығын құру туралы бастама көтерді. Бұдан басқа, ТМД-ға мүше мемлекеттердің жер қойнауын аймақтық зерттеу, геологиялық картаға түсіру және шекаралас аумақтардың минералдық-шикізаттық әлеуетін зерделеу мен бағалау жөніндегі халықаралық жобаларды іске асыру салаларындағы ынтымақтастығының келешегі талқыланды.

Қолданбалы минералого-геохимиялық және заманауи зертханалық-талдамалық зерттеулер саласында тәжірибе алмасуға, ақпараттық технологияларды дамыту мен енгізуге, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі 2023-2030 жылдарға арналған бірлескен жұмыстардың перспективалық жоспары іс-шараларын іске асыруға қатысты өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.

Сессия қорытындысы бойынша Үкіметаралық кеңеске келесі жылға төрағалық ету өкілеттігін Беларусь тарапына беру рәсімі өтті.