Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау қағидалары бекітілді

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау қағидалары бекітілді

2018 жылғы 2 ақпандағы ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімін (Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 1 наурыздағы №230 Заңымен ратификацияланған) және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 18 қарашадағы №127 «Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы» шешімін іске асыру шеңберінде 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізу жоспарлануда.

Жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізудің реттеушілік әсерін талдау (бұдан әрі – РӘТ) нәтижелері жария тыңдауларда талқыланды (2024 жылғы 5 қарашадағы №20-3-20-14/32 хаттама). РӘТ нәтижелері Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиямен мақұлданды (2025 жылғы 7 сәуірдегі №93 хаттама).

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығымен жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және қадағалау қағидалары бекітілді. Қағидалардың негізгі ережелері 2026 жылғы 14 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құжат Қазақстан аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау тәртібін айқындайды және өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек сауда өкілдері үшін міндетті болып саналады. Қағидалар тауарларды тіркеуден және таңбалау кодтарын алудан бастап, олардың айналымы туралы мәліметтерді тауарларды таңбалау мен қадағалау цифрлық жүйесіне беруге дейінгі барлық негізгі процесті қамтиды.

Жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталып, үш кезеңмен енгізіледі.

Таңбалау қалай енгізіледі

Бірінші кезең 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталады. Осы күннен бастап табиғи немесе композициялық былғарыдан жасалған киімдер мен керек-жарақтар, жасанды үлбір және одан жасалған бұйымдар, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған киімдердің жекелеген түрлері, шаңғы костюмдері, сондай-ақ төсек-орын, ас үйге, үстелге және жеке гигиенаға арналған тоқыма бұйымдары міндетті түрде таңбалануға тиіс.

Екінші кезең 2027 жылғы 1 наурыздан басталады. Бұл кезеңде сырт киімнің жекелеген түрлері, блузкалар, свитерлер, пуловерлер, кардигандар, көкірекшелер, ерлер жейделері, әйелдерге арналған блузкалар, шәлілер, шарфтар, галстуктар және басқа да тауарлар қамтылады.

2027 жылғы 1 қазаннан бастап таңбалау ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған киімдердің қосымша санаттарына таралады. Олардың қатарында костюмдер, пиджактар, жакеттер, көйлектер, белдемшелер, шалбарлар, комбинезондар, спорттық костюмдер және трикотаж жейделер бар.

Міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу жеңіл өнеркәсіп тауарлары айналымына қатысушылардың жаңа реттеу құралына біртіндеп бейімделуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Цифрлық таңбалау дегеніміз не

Цифрлық таңбалау әрбір тауар бірлігіне бірегей екіөлшемді Data Matrix кодын түсіруді көздейді. Таңбаланған тауар туралы ақпарат Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жүйесінде тіркеледі.

Бұл өнімді сәйкестендіруге және оның өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап, түпкі тұтынушыға сатылғанға дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.

Сатып алушы Naqty Onim тегін мобильді қосымшасы арқылы кодты сканерлеп, тауар туралы мәліметтерді тексере алады және оның таңбалау жүйесінде тіркелгеніне көз жеткізеді.

Таңбалауды енгізудің негізгі мақсаты – заңсыз айналым мен контрафактілік өнім көлемін азайту, адал өндірушілер мен сатушылардың мүддесін қорғау, сондай-ақ нарықтың ашықтығын арттыру.

Нарық қатысушылары не істеуі керек

Өндірушілер тауарды айналымның келесі қатысушысына бермес бұрын оған таңбалау кодын енгізуі тиіс.

Импорттаушылар өнім Қазақстанға әкелінгенге дейін немесе оны ішкі тұтыну үшін шығару және кері импорт кедендік рәсімдеріне орналастырғанға дейін таңбалануын қамтамасыз етуі қажет.

Бөлшек сауда орындары таңбаланған тауарларды екіөлшемді Data Matrix кодтарын оқи алатын сканерді пайдалана отырып, бақылау-касса машинасы арқылы сатуды қамтамасыз етуге тиіс.

Бизнестің жаңа талаптарға дайындалуына уақыт беру үшін өтпелі кезең қарастырылған. Қадағалау, яғни тауар қозғалысы туралы мәліметтерді нарық қатысушылары арасында міндетті түрде беру 2027 жылғы 1 қазаннан басталады. Ал тауар қалдықтарын 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін таңбалау қажет.