
Қостанай облысында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаевтың өңір тұрғындарымен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында жер қойнауын пайдалану, геология, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өнеркәсіп салаларын цифрлық тұрғыда трансформациялау бағытында қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Кездесуді аша отырып, вице-министр Мемлекет басшысының Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндетін алға қойғанын атап өтті. Жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында министрлік жетекшілік ететін салаларға заманауи технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысты іске асырудағы басты мақсат – мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және өндіріс тиімділігін арттыру.
Жер қойнауын пайдалану саласында Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жетілдірілуде. Қазіргі уақытта платформа арқылы 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді және 3 410 лицензия берілген. Сонымен қатар геологиялық архивтерді ауқымды түрде цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда тарихи геологиялық материалдардың 100%-ы, яғни шамамен 4,8 млн парақ цифрландырылды. Келесі кезеңде жинақталған деректерді бірыңғай жүйеге біріктіру және геологиялық ақпаратты іздеуді, талдауды әрі тәжірибеде пайдалануды жеделдету үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану көзделуде.
Құрылыс және қала құрылысы салаларында аумақтарды жоспарлау мен жобалаудан бастап, нысандарды салу және пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын бірыңғай цифрлық үдерісті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта мемлекеттік қала құрылысы кадастры, BIM-жобалау технологиялары және жобалау құжаттамасын автоматтандырылған тексеру құралдары дамытылуда. Алдын ала бағалаулар бойынша, мұндай шешімдерді қолдану бір жобаны тексеру уақытын 16 сағаттан 9 сағатқа дейін қысқартуға, күнделікті қайталанатын жұмыс көлемін азайтуға және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында негізгі бағыттардың бірі – азаматтардың коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимыл жасауына арналған бірыңғай цифрлық Smart Turmys платформасын дамыту. Платформа негізгі коммуналдық сервистерге қолжетімділікті біріктіруге, процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге және қызметтерді алу ыңғайлылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында коммуналдық ресурстарды есепке алу жүйесін жетілдіру және сала қатысушыларын бірыңғай цифрлық ортаға кезең-кезеңімен біріктіру жұмыстары жүргізілуде.
Өнеркәсіп саласында Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге басымдық берілуде. Олардың қатарында жабдықтардың жұмысын мониторингтеу, өнеркәсіптік талдау, цифрлық егіздер және өндірістік үдерістерді автоматтандырылған басқару жүйелері бар. Мұндай шешімдерді қолдану еңбек өнімділігін арттыруға, кәсіпорындардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, өндірістегі тоқтап қалу уақытын қысқартуға және басқарушылық шешімдердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Кездесу барысында Қостанай облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары өкілдері көтерген мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өндірісті цифрландыруды мемлекеттік қолдау шаралары, жасанды интеллект пен бейнеталдау технологияларын енгізу, технологиялық жүйелердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету, білікті цифрлық кадрларды даярлау және отандық IT-шешімдерді дамыту мәселелері талқыланды.
Кәсіпорын өкілдері сондай-ақ отандық өндірушілерге құрылып жатқан деректерді өңдеу орталықтарының суперкомпьютерлік қуаттарын қолжетімді ету мәселесін көтерді. Вице-министр министрліктің уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық егіздерді, бейнеталдау жүйелерін және өндірістік үдерістерді болжауға арналған жасанды интеллект шешімдерін енгізу үшін есептеу ресурстарын пайдалану мүмкіндіктерін пысықтауға дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, жұмысқа қабылданды. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелер Қостанай облысының әкімдігі, тиісті мемлекеттік органдар және мүдделі ұйымдармен бірлесіп пысықталады.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында вице-министр азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдау барысында өздігінен жүретін машиналардың электрондық паспорттары жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, оны мемлекеттік цифрлық жүйелермен интеграциялау, сондай-ақ отандық IT-әзірлемелерді өнеркәсіптік кәсіпорындарда сынақтан өткізу және одан әрі енгізу мәселелері қаралды.
Жұмыс сапары барысында вице-министр «Қостанай-Су» МКК-ға барып, кәсіпорынның қызметімен және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерімен танысты.
Өңірдің өнеркәсіптік нысандарын аралау барысында Д. Мырзабаев «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «KIA QAZAQSTAN» ЖШС, «KamLitKZ» ЖШС және «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС кәсіпорындарындағы өндірістік процестермен және цифрлық технологиялардың қолданылуымен танысты. Өндірісті автоматтандыру, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және отандық машина жасау саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ вице-министр «Большевичка» тігін фабрикасы мен «ЭПК-Форфайт» кәсіпорнына барып, өндірістік үдерістердің ұйымдастырылуымен және қолданылып жатқан автоматтандыру технологияларымен танысты.
Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуеті жоғары. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,07 трлн теңгені құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 1,5 трлн теңге. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ды құрады.
Цифрлық жобаларды іске асыру және заманауи технологияларды енгізу өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамытуға, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ халыққа көрсетілетін мемлекеттік және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға қосымша жағдай жасауға бағытталған.