Қазақстан энергия аудитін, энергетикалық менеджмент пен энергия үнемдейтін құрылыс саласын одан әрі дамытуда Жапонияның тәжірибесін пайдалануды көздейді. Астанада өткен қорытынды семинарда Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жобасының нәтижелері, соның ішінде энергия тұтынуы нөлге жуық ғимараттар тұжырымдамасын (ZEB/ZEH) енгізуге арналған жол картасы таныстырылды.
Nazarbayev University алаңында «Қазақстанда энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыруға жәрдемдесу» жобасының қорытынды семинары өтті. Осылайша, бастауын 2011 жылдан алатын Қазақстан мен Жапонияның энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы көпжылдық бірлескен жұмысы қорытындыланды. Іс-шараға қазақстандық және жапондық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен сала мамандары қатысты.
Семинарда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Алибеков сөз сөйледі. Ол жоба аясында жинақталған тәжірибенің еліміздегі энергия үнемдеу жүйесін одан әрі дамыту үшін практикалық маңызы бар екенін атап өтті.
«Мемлекеттік саясат тұрғысынан алғанда, жоба аясында энергия тиімділігінің тек технологиялық қырымен шектелмей, мәселенің кешенді түрде қарастырылғаны аса маңызды. Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік реттеу, заманауи технологиялар, білікті мамандар, сондай-ақ бизнес пен халықтың мүдделілігі бір арнаға тоғысуы қажет. Жоба барысында жинақталған тәжірибе еліміздегі энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі тетіктерін одан әрі жетілдіру үшін практикалық тұрғыдан құнды», – деді Олжас Алибеков.
Семинар барысында жоба қорытындыланып, қазақстандық және жапондық мамандардың бірлескен жұмысының нәтижелері таныстырылды. Негізгі назар энергетикалық менеджмент пен энергия аудитіне, энергия үнемдейтін құрылыс пен ZEB/ZEH тұжырымдамасына, сондай-ақ халықтың хабардарлығын арттырып, энергия ресурстарын ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыруға аударылды.
Жоба аясында ғимараттардың энергия тұтынуына зерттеу жүргізіліп, түрлі сценарийлер бойынша модельдеу жасалды. Қазақстандық мамандар Жапонияда білімін жетілдіріп, энергия аудиті жүйесін жетілдіруге арналған ұсыныстар әзірленді. Жобаның нақты нәтижелерінің бірі – Қазақстанда ZEB/ZEH тұжырымдамасын дамыту және енгізу жөніндегі жол картасының әзірленуі.
JICA сарапшысы Кобаяши Хиронори Қазақстанның климаттық жағдайында энергия үнемдейтін шешімдерді қолданудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
«Қазақстанның суық климаттық жағдайының өзінде ғимараттарда энергия үнемдеудің мүмкіндігі мол. Жүргізілген талдау заманауи шешімдерді қолдану арқылы энергия тұтынуды 73,4%-ға дейін қысқартуға болатынын көрсетті. Алайда мұндай технологиялардың кеңінен қолданылуы үшін олардың экономикалық тұрғыдан тиімді болуы маңызды. Сондықтан алдағы міндет – энергия тиімді технологиялардың техникалық нәтижелілігімен қатар, экономикалық жағынан да тартымды болуына жағдай жасау», – деді JICA сарапшысы Кобаяши Хиронори.
«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов жобаның аяқталуы жинақталған тәжірибені іс жүзінде пайдалануға және жаңа бірлескен бастамаларды қолға алуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Біз жобаның аяқталуын ынтымақтастықтың тоқтауы деп емес, жинақталған тәжірибені алдағы жұмыста пайдалануға берілген мүмкіндік деп қабылдаймыз. Ұлттық энергия үнемдеу орталығы JICA-мен, жапондық сарапшылармен және қазақстандық серіктестермен жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және нақты жобалар аясында жұмыс істеуге әрдайым дайын. Осы жоба аясында жинақталған тәжірибе Қазақстанда өз жалғасын тауып, нақты іске жарайды деп сенемін», – деді Бауыржан Смағұлов.
Семинарда энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мен халықтың осы бағыттағы хабардарлығын арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Іс-шара барысында EnergySave байқауының жеңімпаздары да жарияланды.
Жобаның аяқталуымен көпжылдық бірлескен жұмыстың белгілі бір кезеңі қорытындыланды. Осы уақыт ішінде жинақталған білім, әдістемелік тәсілдер мен практикалық әзірлемелер Қазақстандағы энергия үнемдеу жүйесін одан әрі жетілдіруге негіз болмақ. Атап айтқанда, олар нормативтік тәсілдерді жетілдіру, мамандар даярлау, пилоттық бастамаларды жүзеге асыру және энергия тиімділігінің заманауи құралдарын енгізу бағыттарында пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан тарапы жапондық әріптестермен сараптамалық тәжірибе алмасуды жалғастыруға және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі саласындағы жаңа бірлескен бастамаларды қарастыруға мүдделі екенін білдірді.