Қазақстанда теміржол машина жасау саласы өрісін кеңейтіп келеді

Қазақстанда теміржол машина жасау саласы  өрісін кеңейтіп келеді

Қазақстанда теміржол машина жасау саласы кешенді түрде дамып келеді. Бүгінде елімізде локомотивтер мен олардың бөлшектерін өндіруден бастап, техникалық қызмет көрсету мен жөндеуге дейінгі барлық бағыт жолға қойылған. Саладағы ірі кәсіпорындардың бірі – Астанадағы Alstom компаниясының «Электровоз құрастыру зауыты».

Қазір бұл салада 8,5 мыңға жуық адам еңбек ететін 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстандық кәсіпорындар Wabtec, Alstom және Stadler секілді әлемдік өндірушілермен бірлесіп локомотивтер, вагондар және оларға қажетті бөлшектер шығарады. Отандық өнім ішкі нарықпен қатар, жақын және алыс шетелдерге де жеткізіліп келеді.

«Қазақстанда теміржол машина жасау саласының тұтас өндірістік жүйесі қалыптасып келеді. Отандық кәсіпорындар бүгінде локомотивтер мен вагондар шығарумен ғана шектелмейді. Қажетті бөлшектерді өндіру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бағыттары да қатар дамып жатыр. Бұл отандық өнеркәсіптің мүмкіндігін арттырып, қазақстандық өнімнің шетел нарығындағы үлесін кеңейтуге жол ашады», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің Электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасының сарапшысы Арсен Базаров.

Теміржол машина жасау саласының дамуы елорда өнеркәсібіндегі жалпы өсіммен де сабақтас. 2026 жылдың жеті айында Астана кәсіпорындары 2,57 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3%-ға көп. Жалпы өндірістің 95%-дан астамы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Аталған саладағы өнім көлемі 2,42 трлн теңгеге жетті.

Елорда өнеркәсібіндегі өсім өндіріс көлемімен ғана өлшенбейді. Кәсіпорындар жаңа технологияларды игеріп, жергілікті өндірістің үлесін арттырып, өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.

Соның бір мысалы – «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриялық паркінде орналасқан «Электровоз құрастыру зауыты». 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жылына 100 электровоз секциясына дейін шығаруға қауқарлы.

Аумағы 35 мың шаршы метрді құрайтын өндіріс орнында жүк және жолаушылар электровоздарының бірнеше түрі, борттық трансформаторлар мен тартқыш конвертерлер шығарылады. Зауыт жұмыс істеген жылдар ішінде Қазақстан мен шетел нарықтарына 450-ден астам электровоз өндірді.

«Біз ішкі нарыққа арналған жүк және жолаушылар электровоздарын шығарамыз. Сонымен бірге экспорт көлемін де ұлғайтып келеміз. 2018–2022 жылдары Әзербайжанға 40 электровоз жеткізілсе, биыл Францияға локомотивтің 10 кузовы экспортталды. Жыл соңына дейін трансформаторларды шетелге шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір зауытта 750-ден астам, сервистік бөлімшеде 600-ден астам адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, отандық өнімдерді пайдалану бағытында 240-тан астам қазақстандық кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істейміз», – деді зауыттың жоба директоры Бейбіт Ибраев.

Кәсіпорын өндіріс пен сервистік қызмет аясын одан әрі кеңейтіп келеді. 2025 жылы Астанада теміржол қозғалысын басқаруға арналған заманауи цифрлық жүйелерді жергілікті өндіріске енгізуге бағытталған Alstom өңірлік хабы жұмысын бастады.

Тағы бір ірі жоба – техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу орталығы. Оның құрылысы 2025 жылғы мамырда басталды. Құрылыс 2027 жылы аяқталғаннан кейін орталықта жүк және жолаушылар локомотивтеріне жоспарлы техникалық қызмет көрсетіледі.

Өндірістің дамуы елорданың экспорттық мүмкіндігіне де серпін беріп отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астананың өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2,05 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 28%-ға көп.

Елорда кәсіпорындарының өнімдері Иранға, Түркияға және ТМД елдеріне жеткізіледі. Теміржол техникасымен қатар, түрлі жабдықтар, құрылыс материалдары, азық-түлік және басқа да өнімдер сыртқы нарыққа шығарылып келеді.

Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктер де елорда өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосып отыр. Қазіргі таңда Астанада «Астана – жаңа қала» және «Астана – Технополис» атты екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді.

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы шамамен 15,3 мың гектарды құрайды. Оның құрамына №1 Индустриялық парк те кіреді. Қазір мұнда 145 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 103-і іске қосылып, 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Тағы 42 жоба жүзеге асырылу сатысында. Оларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 73,6 млрд теңгені құрайды. Осы жобалар іске қосылғанда шамамен 1 700 жаңа жұмыс орны ашылады», – деді «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Мұхеджанұлы.

Жаңа өндірістердің ашылуы, технологияларды жергілікті өндіріске енгізу және экспорт көлемінің артуы Астананың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп келеді. Елорда дайын өнім шығаратын орталық қана емес, отандық кәсіпорындардың өзара ықпалдастығы артып, жаңа өндірістік тәжірибе қалыптасып, қазақстандық өнімнің шетел нарығына жол ашатын ірі өндіріс орталығына айналып келеді.