
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Ақтау қаласында өткен «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Құрылыс және ТКШ комитетінің көшпелі отырысына қатысты.
Отырысқа мемлекеттік органдардың, салалық бірлестіктердің және Маңғыстау облысының құрылыс саласындағы бизнес өкілдері қатысты.
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексін практикада қолдану мәселесі болды. Жиын барысында қатысушыларға Кодекстің негізгі жаңашылдықтары, оның ішінде құрылыс саласын реттеудің жаңа тәсілдері, өзін-өзі реттеу, жобалау, сараптама және техникалық қадағалау мәселелері, сондай-ақ құрылыс процесіне қатысушыларға қойылатын талаптар түсіндірілді. Сонымен қатар тұрғын үй саясаты саласындағы өзгерістер мен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдірудің жаңа тәсілдері таныстырылды.
Отырыс барысында бизнес өкілдері құрылыс жобаларын іске асыру кезінде туындайтын бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезіндегі баға белгілеу, құрылыс саласы субъектілерін лицензиялау және техникалық қадағалау қызметтеріне ақы төлеу тетігін жетілдіру мәселелері қаралды.
Құрылыс процесіне қатысушылардың нысандардың бүкіл өмірлік циклі кезеңдеріндегі — жобалау мен құрылыстан бастап пайдалануға беруге және одан әрі күтіп-ұстауға дейінгі жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ қатысушылар Маңғыстау облысы үшін өзекті жер қатынастары, құрылыс және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Өңірлік бизнес өкілдері өз ұсыныстарын білдіріп, шешуді қажет ететін мәселелерді ортаға салды.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы ашық өзара іс-қимылды одан әрі жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Бизнес өкілдері ұсынған бастамалар мен ұсыныстар белгіленген тәртіппен қосымша қаралып, пысықталатын болады.