Қолжетімді тұрғын үй: Қазақстандағы мемлекеттік қолдау шаралары тиімді жүзеге асырылуда

Қолжетімді тұрғын үй: Қазақстандағы мемлекеттік қолдау шаралары тиімді жүзеге асырылуда

Қазақстанда азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2026 жылы 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни шамамен 188 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 105,9 мың пәтер пайдалануға берілді.

Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй мәселесінің айрықша әлеуметтік маңызын атап өтіп, баспана мәселесін өз бетінше шешуге табысы жеткіліксіз азаматтарға тиімді қолдау көрсету қажеттігін айтты. Осыған байланысты мемлекеттік тұрғын үй саясаты тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және қолдау шараларын баспанаға мұқтаж азаматтарға бағыттау ісін жандандыруды көздейді.

Бүгінде азаматтарға жеңілдетілген несиелеу, жалдамалы тұрғын үй, жалдау ақысын субсидиялау, тұрғын үй сертификаттары және тұрғын үй бағдарламаларын қамтитын кешенді қолдау шаралары ұсынылады. Биыл «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары бойынша 6,2 мың несие берілді. «Наурыз» бағдарламасы аясында 350 млрд теңгеге 11,9 мың несие ұсынылды. Сондай-ақ 11,2 мың отбасы жалдау ақысын субсидиялау тетігімен қамтылды.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жыл басынан бері азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді. Бұған дейін сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы тұрғын үйлерді жекешелендіру жұмыстары да жалғасуда. Биылғы сегіз айда бұл мүмкіндікті 6,8 мыңнан астам отбасы пайдаланды.

Мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыруға «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ да қатысады. Компания сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй тетігін дамытып, өңірлік тұрғын үй жобалары мен инженерлік инфрақұрылымды қаржыландырады.

«Бүгінде Қазақстан Тұрғын үй компаниясы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін бірден бірнеше құралды пайдаланады. Бұл – сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді ұсыну ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар арқылы өңірлердегі тұрғын үй жобаларын қаржыландыру. Біздің міндетіміз – қолжетімді тұрғын үй ұсынысын кеңейтіп қана қоймай, өңірлерде оның құрылысы мен пайдалануға берілуіне қажетті жағдай жасау», – деп атап өтті «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков.

Сонымен қатар тұрғын үйді есепке алу және бөлу тетіктері жетілдірілуде. 2025 жылғы мамырдан бастап тиісті функциялар әкімдіктерден Отбасы банкке берілді. Биылғы қыркүйектен бастап ауылдық елді мекендерде жалдамалы тұрғын үйді бөлудің жаңа тәсілдері енгізілді. Сондай-ақ тұрғын үй беру кезінде отбасы құрамына қарай бөлмелер саны ескеріледі.

Іске асырылып жатқан шаралар мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі мен атаулылығын арттыруға, сондай-ақ азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту тетіктерін барынша түсінікті етуге бағытталған.