Қазақстан China Mining 2026 XXVIII халықаралық конференциясы мен көрмесінде тау-кен және металлургия саласындағы әлеуетін таныстырды

Қазақстан China Mining 2026 XXVIII халықаралық конференциясы мен көрмесінде тау-кен және металлургия саласындағы әлеуетін таныстырды

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ҚХР Табиғи ресурстар министрінің шақыруымен Тяньцзинь қаласында (ҚХР) өткен Тау-кен өнеркәсібі саласындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі министрлер форумына, сондай-ақ China Mining 2026 XXVIII халықаралық конференциясы мен көрмесіне қатысты.

China Mining — геология, минералдық ресурстар және тау-кен өнеркәсібі саласындағы ең ірі әрі ықпалды халықаралық алаңдардың бірі. Жыл сайынғы іс-шараға 35 министрді қоса алғанда, 65 елдің, ірі өнеркәсіптік корпорациялар, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Негізгі тақырып — «Өзара тиімді ынтымақтастық, «жасыл» және интеллектуалды даму».

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «China Mining 2026» көрмесінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы тығыз достық байланыстар мен өзара түсіністік арқасында қол жеткізілген Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Министр соңғы жылдары іскерлік және инвестициялық байланыстардың тұрақты өсіп, өнеркәсіптік ынтымақтастықтың тереңдеп келе жатқанын айрықша атап көрсетті.

Бүгінде Қазақстанда қытайлық серіктестердің қатысуымен шамамен 11 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстанның ірі серіктестері қатарында мұнай-газ, тау-кен, энергетика, инфрақұрылым, жоғары технологиялар және басқа да салаларда түрлі жобаларды іске асырып жатқан CNPC, Sinopec, CITIC Group, Zijin Mining, East Hope Group, Huawei, PowerChina, SANY, Fufeng, Lihua Group сынды өзге де компаниялар бар.

«Қазақстан қосылған құнның жаңа тізбектерін және заманауи өндірістерді бірлесіп құру мүмкіндігін ұсынады. Біз қытайлық және халықаралық компанияларды геологиялық барлау, минералдық шикізатты өндіру және терең өңдеу салары бойынша ынтымақтастыққа шақырамыз. Заманауи технологияларды тартуға және өндірістерді локализациялауға ерекше мән береміз. Өнеркәсіптік ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару және елдеріміздің ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін жобаларды іске асыру маңызды», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Сондай-ақ конференцияда Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифен сөз сөйледі. Іс-шара қорытындысы бойынша екіжақты келіссөздер жүргізіліп, оның барысында Ерсайын Нағаспаев пен Хэ Лифэн жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар аясындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Қазақстан China Mining 2026 халықаралық тау-кен көрмесінде алғаш рет тау-кен өндіру және геологиялық барлау компанияларын, салалық ұйымдар мен перспективалы инвестициялық жобаларды біріктірген бірыңғай ұлттық стендін ұсынды. Стендті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен ҚХР Табиғи ресурстар министрі Лю Гохун бірлесіп ашты.