
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде вице-министр Қуандық Қажкенов пен Чехия Республикасы Қоршаған орта министрінің орынбасары Мартин Вайсс бастаған делегациясының кездесуі өтті.
Кездесуге ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-ның, Чехия Республикасы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ су шаруашылығы және коммуналдық инфрақұрылым саласында маманданған ғылыми-зерттеу ұйымдары мен компаниялардың өкілдері қатысты.
Тараптар сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту, тазарту құрылыстарын салу және жаңарту салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Коммуналдық салаға заманауи технологиялық және цифрлық шешімдерді енгізуге назар аударылды.
Кездесуде Қуандық Қажкенов сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің сапасын арттыру министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі екенін, осы орайда қолданыстағы желілер мен нысандардың тозу деңгейін төмендетуге және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Министрлік желісі бойынша шамамен 8 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту, сондай-ақ кәріздік тазарту құрылыстарының 45 жобасын іске асыру жоспарлануда.
Чехия тарапы судың мониторингі мен сапасы, ағынды суларды тазарту, су шаруашылығы объектілерін жобалау және пайдалану, сорғы жабдықтары, BIM және цифрландыру, сондай-ақ кәріз желілері мен құбырларды диагностикалау саласындағы әзірлемелерді ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы бірлескен бастамаларды пысықтауға қызығушылық білдірді.