Өндірісті дамытуға бағытталған инвестиция: мемлекеттік қолдау жиһаз фабрикасының еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді

Өндірісті дамытуға бағытталған инвестиция: мемлекеттік қолдау жиһаз фабрикасының еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді

Технологиялық жабдықтарды жаңарту кез келген кәсіпорынның дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Алайда көп жағдайда бұл айтарлықтай қаржылық шығынды талап етеді. Шымкенттегі жиһаз өндіретін «Baia Holding» компаниясына бұл мәселені шешуге «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы көмектесті. Орталық кәсіпорынға жаңа жабдық құнының 40%-ын өтеп берді.

Компания шамамен 10 жылдан бері тапсырыс бойынша корпустық және жұмсақ жиһаз өндірумен айналысады. Кәсіпорынның өнімдері еліміздің көптеген өңірлерінде сұранысқа ие, ал ассортименті тұрақты түрде кеңейіп келеді.

«Жиһазға сұраныс артып келеді. Сондықтан өндірісті кеңейтіп, жаңа станоктар сатып алу қажет болды. Біз ағаш өңдеуге арналған заманауи желі, сондай-ақ жиһазды құрастыру және әрлеуге арналған жабдық сатып алдық. Олар жұмысты жылдам әрі дәл орындауға және ақауды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе мектептер, ауруханалар мен ірі серіктестер үшін үлкен көлемдегі тапсырыстарды уақытында әрі сапалы орындау үшін маңызды», – дейді «Baia Holding» ЖШС директоры Абзал Жұмабаев.

Жаңа жабдықтың құны компанияға шамамен 48 млн теңгеге түсті. Оны пайдалану бөлшектерді өңдеу дәлдігін арттырып, өндірістің әр кезеңіндегі еңбек өнімділігін жоғарылатуға, сондай-ақ жиһазды құрастыру және әрлеу сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

QazIndustry тарапынан жабдық құнының 40%-ы, яғни шамамен 19 млн теңгесі өтелді. Жиһаз өндіруші компанияның айтуынша, мемлекеттік ынталандыру шараларының арқасында кәсіпорын технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп, үнемделген қаражатты өндірісті одан әрі жаңғыртуға бағыттай алды. Мұның барлығы компанияның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әсіресе мемлекеттік тапсырыстар сегментінде өнімге өсіп отырған сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, QazIndustry өнеркәсіптік кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну бойынша оператор болып табылады.  Орталық еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарықта ілгерілету бағыттары бойынша кәсіпорындардың шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін өтейді. Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындарға 400 млн теңгеден астам шығынды өтеді.

Қызмет көрсетуге өтінімдер онлайн режимде QazIndustry сайты арқылы қабылданады.