Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша мемлекет ел кәсіпорындарының өндірісті жаңғырту және еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындарының 40-тан 50%-ға дейінгі көлемін өтеп, жалпы сомасы 418,7 млн теңгенің қаржылай қолдауын көрсетті. Тарата айтқанда, машина жасау, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл, химия, фармацевтика және ағаш өңдеу өнеркәсібі салаларындағы кәсіпорындарға қолдау білдірілді.
Қаражаттың басым бөлігі, яғни шамамен 416,1 млн теңге технологиялық жабдықтарды сатып алуға, цифрлық шешімдерді енгізуге, персоналды оқытуға және басқа да мақсаттарға қатысты шығындарды өтеуге бағытталды. Өтінімдердің көбі Шымкент және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Қарағанды, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан келіп түсті.
Бұдан бөлек, мемлекет QazIndustry арқылы өнімдерді нарықта ілгерілетуге, оның ішінде халықаралық сертификаттауға және зертханалардағы сынақтарға, сондай-ақ сәйкестендіру құралдарын, соның ішінде аяқ киім өнімдерін таңбалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға жұмсалған шығындарды өтейді. Есепті кезеңде бизнес субъектілерінің осындай шығындар бойынша 2,5 млн теңгеден астам қаражат өтелді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңдеу секторын қолдаудың жаңартылған құралдарын да енгізді. Оның аясында бизнес субъектілерінің басымдық берілген тауарларды ел ішінде теміржол көлігімен тасымалдауға жұмсаған шығындарының жартысы өтеледі. Сонымен қатар халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері бес есеге ұлғайтылып, 15 000 АЕК-ке дейін жеткізілді.