Шахтер күні қарсаңында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ведомстволық наградалар табыстады.
«Шахтер мамандығы – қайсарлық пен төзімділікті, жоғары жауапкершілікті талап ететін еңбек жолы. Ел өнеркәсібінің дамуы мен өндірістің тұрақты жұмысының артында мыңдаған кеншінің күнделікті еңбегі тұр. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен өз ісіңізге деген адалдықтарыңыз – отандық өнеркәсіптің берік тірегі», – деді төраға.
Қызметкерлерге I дәрежелі «Шахтер даңқы», II және III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Сондай-ақ бірқатар маман Министрдің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Сала қызметкерлеріне еңбектерінің жемісін көріп, әр ауысымнан аман-есен оралу, отбасыларына амандық пен бақ-береке тілейміз. Кеншілердің қажырлы еңбегі ел игілігіне қызмет етіп, мәртебелі мамандықтың абыройы асқақтай берсін!