Қазақстандағы әлеуметтік нысандардың 98%-ы жылыту маусымына дайын

Қазақстандағы әлеуметтік нысандардың 98%-ы жылыту маусымына дайын

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады.

Министр барлық өңірде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінде 10 913 білім беру нысанының 10 693-і, яғни 98%-ы дайын. 8 өңірде дайындық жұмыстары 100% аяқталғаны байқалды. Жоспардан Алматы және Ақтөбе облыстары қалып келеді.

«Денсаулық сақтау нысандары бойынша да жағдай осындай, әзірлік деңгейі 98%-ды құрайды, яғни 5 394 нысанның бүгінде 5 281-і дайын. 6 өңірде барлық нысан толық дайын екені байқалып отыр. Шымкент және Алматы қалаларында бұл көрсеткіш төмен.

Тұрғын үйлер бойынша әзірлік жұмыстары 51 391 үйде аяқталды, бұл жоспардың 96%-ын құрайды. Түркістан облысында барлық тұрғын үй жылыту маусымына дайын. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында тұрғын үйлерді дайындау қарқыны өз деңгейінде емес», – деп мәлімдеді Ерсайын Нағаспаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі өңірлерде инженерлік инфрақұрылым бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады.

1 808 шақырым сумен жабдықтау желісінің 1 303 шақырымы жөнделді. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің 72%-ы. 6 өңірде жөндеу жұмыстары аяқталды. Алматы, Жамбыл облыстарында көрсеткіш төмен.

Су бұру желілері бойынша жоспардың 74%-ы орындалды, яғни 306 шақырым желінің 225 шақырымы жөнделді. Жылыту маусымынан кедергісіз өту үшін министрлік тарапынан автономды қазандықтардың дайындығына мониторинг жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, бүгінде 14 618 автономды қазандық дайын, бұл – 98%. 6 өңірде нысандардың әзірлігі 100%-ға жеткені байқалды. Алматы және Шымкент қалаларында көрсеткіш төмен. Автономды қазандықтарға арналған көмір қорын дайындау деңгейі 69%-ды, мазут қоры – 88%-ды, дизель отыны – 93%-ды құрайды.

Ерсайын Нағаспаев алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындалу мақсатында әкімдіктерге мынадай міндеттерді орындау қажеттігін атап көрсетті:

- 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын қамтамасыз ету;

- қыркүйек айының соңына дейін сумен жабдықтау және су бұру желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау;

- тұтынушылардың коммуналдық қызметтер бойынша қалыптасқан дебиторлық берешегін өтеу жұмыстарын күшейту;

- орталық, солтүстік, шығыс өңірлер мен елордада 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 2026 жылғы 15 қазанға дейін жылыту маусымына өтуге әзірлікті толық қамтамасыз ету.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады әрі министрліктің тұрақты бақылауында болады», – деп қорытындылады министр.