Жамбыл облысында полиметалл кендерін кешенді түрде өңдеудің жаңа технологиясы әзірленді

Жамбыл облысында полиметалл кендерін кешенді түрде өңдеудің жаңа технологиясы әзірленді

 «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК филиалы – «Қазмеханобр» мемлекеттік өнеркәсіптік экология ғылыми-өндірістік бірлестігінің мамандары Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Гагаринское» кен орнының полиметалл кендерін кешенді өңдеудің тиімді технологиясын әзірледі. Зерттеу нәтижелері жаңа тау-кен байыту комбинатын салуға арналған жобалық шешімдерге негіз болды.

Кен орнындағы кенді зерттеу жұмыстары 2017 жылы басталды. 2023 жылы мамандар технологиялық шешімдерді жетілдіру және бағалы компоненттерді бөліп алу тиімділігін арттыру бағытындағы зерттеулерді жалғастырды.

Алғашқы кезеңде минералогиялық, химиялық және фазалық зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде кен құрамындағы пайдалы компоненттердің қандай түрде кездесетіні анықталып, оларды бөліп алудың неғұрлым тиімді әдістері таңдалды.

Зерттеу жұмыстарының негізгі нәтижесі – кенді өңдеудің құрамдастырылған гравитациялық-флотациялық технологиясының әзірленуі. Бұл әдіс алдымен бос күйіндегі алтын мен күмісті бөліп алуды, одан кейін қорғасын мен мырышты селективті флотациялауды және құрамында алтын мен күміс бар өнімді әрі қарай гидрометаллургиялық тәсілмен өңдеуді көздейді.

Әзірленген технология жоғары сапалы концентраттар алуға мүмкіндік береді:

  • қорғасын концентратындағы қорғасын мөлшері – 45,29%, алтын – 67,70 г/т, күміс – 1539,90 г/т;
  • мырыш концентратындағы мырыш мөлшері – 50,03%, алтын – 15,70 г/т, күміс – 413,90 г/т;
  • гравитациялық концентраттағы алтын мөлшері – 78,90 г/т, күміс – 203,10 г/т;
  • құрамында алтын мен күміс бар өнімдегі алтын мөлшері – 3,61 г/т, күміс – 57,80 г/т.

Мамандар бағалы металдарды барынша толық бөліп алу мәселесіне де ерекше назар аударды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қарқынды циандау кезінде бүкіл технологиялық тізбек бойынша алтынды бөліп алу көрсеткіші 86%-ға, күмістікі 88%-ға жетеді. Ал сорбциялық циандау кезінде бұл көрсеткіштер тиісінше 87% және 89%-ды құрайды.

Зерттеу қорытындысында өзара байланысты екі технологиялық сызба әзірленді. Оның бірі – құрамдастырылған байыту, екіншісі – құрамында алтын мен күміс бар өнімдерді гидрометаллургиялық өңдеу сызбасы. Бұл шешімдер бағалы компоненттерді кешенді түрде бөліп алуға мүмкіндік береді және өнеркәсіпте енгізуге ұсынылған.

Зерттеу нәтижелерін іс жүзінде қолдану келесі кезеңге ұласты. 2025 жылы «Қазмеханобр» мамандары жылына 1 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы байыту фабрикасын жобалауға арналған технологиялық регламент әзірледі.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысының Қордай ауданында тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жүзеге асырылуы жүргізілген зерттеулердің практикалық маңызын, Қазақстанның минералдық-шикізат базасын дамытуға қосқан үлесін және отандық ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіптік өндіріске енгізу мүмкіндігін көрсетеді.