Қазақстанда жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның маңызды бағыттарының бірі – аэрогеофизикалық зерттеулер. Бұл – ауқымды аумақтардың геологиялық құрылымы туралы деректер алуға, олардың тереңдегі құрылымдық ерекшеліктерін анықтауға және одан әрі геологиялық зерттеуге перспективалы учаскелерді айқындауға мүмкіндік беретін геофизикалық әдістер кешені.
2026 жылы 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілім (ГС-50) бойынша жүзеге асырылып жатқан 20 жоба аясында Қазақстан аумағының 89,1 мың шаршы шақырымында аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізу жоспарланған.
Аэрогеофизикалық зерттеулер бірнеше геофизикалық түсірілім түрін қамтиды. Қазіргі уақытта аэромагниттік және гамма-спектрометриялық түсірілімдер жүргізілуде. Келесі кезеңде аэрогравиметриялық түсірілім өткізу көзделген.
Қолданылатын әдістердің әрқайсысы геологиялық ортаның әртүрлі сипаттамалары туралы ақпарат береді. Магниттік түсірілім тау жыныстарының магниттік қасиеттері арқылы олардың таралу ерекшеліктері мен құрылысын зерттеуге мүмкіндік береді. Гамма-спектрометриялық түсірілім жер қыртысының жоғарғы бөлігіндегі табиғи радиоактивті элементтердің таралуын бағалауға мүмкіндік береді. Ал гравиметриялық зерттеулер тау жыныстарының тығыздығындағы айырмашылықтар негізінде жер қойнауының құрылымдық ерекшеліктерін анықтауға бағытталған.
Алынған материалдарды кешенді өңдеу аумақтардың геологиялық құрылысын нақтылауға, геологиялық құрылымдар мен одан әрі зерттеуге қызығушылық тудыратын аймақтарды анықтауға, сондай-ақ егжей-тегжейлі іздеу жұмыстарын жүргізу қажет учаскелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте аэрогеофизикалық деректер оқшауланған түрде емес, Жерді қашықтықтан зондтау, геохимиялық карталау және карталаушы бұрғылау нәтижелерімен бірге қарастырылады. Геологиялық және геофизикалық ақпараттың әртүрлі түрлерін салыстыру аумақтың құрылымы туралы неғұрлым толық түсінік қалыптастыруға, жекелеген алаңдардың перспективалылығын нақтылауға және одан әрі зерттеу бағыттарын негіздеуге мүмкіндік береді.
Аэрогеофизикалық әдістердің маңызы әсіресе аумағы үлкен жерлерді зерттеу кезінде арта түседі. Олар қысқа мерзім ішінде бірізді деректер массивін алуға және зерттелетін аумақтың барлығында ауқымды жерүсті жұмыстарын жүргізбей-ақ, егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.
2026 жылы жұмыстар Қазақстанның 11 облысында: Шығыс Қазақстан, Абай, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан және Алматы облыстарында жүргізілуде.
Қазіргі уақытта аэрогеофизикалық зерттеулер Абай және Ұлытау облыстарының аумақтарында жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған аэрогеофизикалық зерттеу жұмыстарының толық көлемін орындау көзделген.
Мұндай жұмыстар Қазақстан аумақтарын одан әрі геологиялық зерттеу үшін қажетті геофизикалық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар перспективалы алаңдарды неғұрлым негізді түрде анықтауға және кейінгі іздеу жұмыстарын әлеуеті жоғары учаскелерге бағыттауға мүмкіндік береді.