Ерсайын Нағаспаев Корея Республикасының елшісімен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту перспективаларын талқылады

Ерсайын Нағаспаев Корея Республикасының елшісімен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту перспективаларын талқылады

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Чжон Кихонмен кездесті. Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың қыркүйек айында Сеулге жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның маңызды шикізаттық минералдар кен орындарын барлау және игеру саласындағы ынтымақтастығының перспективалары талқыланды. Бұл ресурстар жаһандық қосылған құн тізбектерінде маңызды рөл атқарады. Тараптар ынтымақтастықты дамыту, технологиялар трансферті және бірлескен бастамаларды іске асыру үшін әлеует бар екенін атап өтті. Оның ішінде министрлік жүзеге асырып жатқан жерде сирек кездесетін металдар бойынша Өңірлік зерттеу орталығын құру жобасы да бар.

«Қазақстан Корея Республикасымен екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Стратегиялық әріптестікті нығайтуда қалыптасқан сенімді қарым-қатынастар мен жоғары деңгейдегі тұрақты диалог ерекше рөл атқарады. Kia, Hyundai, Samsung Electronics және басқа да брендтермен бірлескен кәсіпорындар өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жарқын мысалдары саналады. Бізде айтарлықтай әлеует бар және қосылған құны жоғары өнім бойынша жаңа өндірістерді құру үшін озық технологияларды, құзыреттер мен инвестицияларды тартуға мүдделіміз», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Соңғы 10 жылда Оңтүстік Кореядан Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестиция көлемі шамамен $8 млрд-ты құрады. Министрлік жетекшілік ететін салаларда жалпы құны $2,6 млрд-тан асатын 36 бірлескен жоба түрлі пысықтау кезеңдерінде тұр, оның ішінде 16 жоба іске қосылған. Олардың қатарында жеңіл және жүк автомобильдері мен автобустар өндіретін зауыттар, тұрмыстық техника, желдету жабдықтарын және басқа да өнімдерді шығаратын кәсіпорындар бар.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Корея өнеркәсіптік ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге жәрдемдесу ниеттерін растады.