Орал және Қарағанды қалаларында сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Орал және Қарағанды қалаларында сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Техникалық оператор жобаларға мониторинг жүргізіп, құрылыс-монтаждау жұмыстарының нақты орындалу барысын тексеруде.

Негізгі жобалардың бірі – Орал қаласының жерасты су тоғанын кеңейту. 2025 жылы жоба аясында қарастырылған бес су алу ұңғымасының барлығы бұрғыланды. Қазіргі уақытта сумен жабдықтау желілерінің дайындығы 95%-ды құрайды: 2,8 шақырым су құбыры тартылды. Нысанның жалпы дайындығы – 77%.

Сонымен қатар КСС-1-де реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Стансада монолитті конструкцияларды орнату және арматуралау жұмыстары атқарылып жатыр, сорғы жабдықтары толық орнатылған. Нысанның дайындығы 37%-ға жетті.

КСС-29-да демонтаждау, дайындық және құрылыс жұмыстары аяқталды. Реконструкциядан кейін стансаның өнімділігі тәулігіне 14 736 текше метрді құрайтын болады. Бүгінгі таңда нысанның дайындығы – 35%.

Жұмыстардың елеулі көлемі ҚАСС-20-да да орындалды. Мұнда сорғы жабдықтарының қуаты арттырылып, су құбырының диаметрі 300 мм-ден 500 мм-ге дейін ұлғайтылуда. Қазіргі уақытта 822 погон метр полиэтилен құбыр орнатылды.

Техникалық тұрғыдан күрделі кезеңдердің бірі – Шаған өзені мен Ревунок жылғасы арқылы өтетін өткелдерді салу болды. Бұл жұмыстар көлденең бағытталған бұрғылау әдісімен орындалды. Екі өткелдің жалпы ұзындығы 473,2 погон метрді құрады. Сонымен қатар нысанда трансформаторлық қосалқы станса мен қажетті жабдықтар орнатылды. Ауыз су резервуарларын реконструкциялау жұмыстары 50%-ға орындалды.

Коммуналдық нысандарды жаңғырту жұмыстары Қарағанды қаласында да жалғасуда. «БОС-2, 3 реконструкциялау» нысанында қазіргі уақытта өндірістік цехты жылу оқшаулау, қолданыстағы бетон конструкцияларын демонтаждау, құрылыстарды герметизациялау және нығайту жұмыстары жүргізілуде.

Мониторинг нәтижелері Орал және Қарағанды қалаларындағы нысандарда су құбыры желілерін, сорғы стансаларын, резервуарларды және коммуналдық инфрақұрылымның басқа да нысандарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар жаңа жабдықтар орнатылып, қолданыстағы құрылыстар реконструкциялануда.

Жобалар аяқталғаннан кейін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің сенімділігі артады деп күтілуде. Тозу мен апаттылық деңгейінің төмендеуіне қатысты түпкілікті көрсеткіштер жұмыстар толық аяқталып, нысандар қабылданғаннан кейін бағаланатын болады.