Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңартуға, көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылуда.
Ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі – сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту. Осы бағыт аясында коммуналдық желілерді, сорғы стансаларын, су қабылдау және кәріздік-тазарту құрылыстарын реконструкциялау және салу, сондай-ақ заманауи есепке алу және автоматтандыру жүйелерін енгізу көзделген.
Министрлік желісі бойынша 2029 жылға дейін 8 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту жоспарлануда. Жобалардың алдын ала жалпы құны шамамен 1 трлн теңгені құрайды.
Оның ішінде 5 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желілерін шамамен 0,7 трлн теңгеге және 2,8 мың шақырым су бұру желілерін шамамен 0,4 трлн теңгеге жаңғырту көзделген.
Жобаларды іске асыру бойынша өңірлерде жұмыстар жалғасуда. Орал қаласында ағымдағы кезеңде нысандарға мониторинг жүргізіліп, жерасты су жинау алаңын кеңейту, кәріздік және көтергіш сорғы стансаларын реконструкциялау бойынша жұмыстар атқарылуда. Бес су қабылдау ұңғымасын салу жобасы аясында 5 ұңғыманың барлығы бұрғыланды, сумен жабдықтау желілерін тарту жұмыстары 95%-ға орындалды – 2,8 км су құбыры тартылды. Нысанның жалпы дайындық деңгейі 77%-ды құрайды. ҚАСС-20 нысанында 822 қума метр құбыр төселді, Шаған өзені мен Ревунок жылғасы арқылы жалпы ұзындығы 473,2 қума метр болатын екі өткел көлденең бағытталған бұрғылау әдісімен орындалды. Ауыз су резервуарларын реконструкциялау жұмыстары 50%-ға орындалды.
Жыл соңына дейін Ұлттық жоба аясында 1,9 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту жоспарлануда.
Жекелеген бағыт ретінде кәріздік-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінеді. Ұлттық жоба аясында жалпы құны шамамен 0,8 трлн теңге болатын 45 кәріздік-тазарту құрылысы жобасын іске асыру көзделген.
Аталған іс-шараларды іске асыру инженерлік желілердің тозу деңгейін 2029 жылға қарай 40%-ға дейін төмендетуге, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің сенімділігі мен үздіксіздігін арттыруға, сондай-ақ апаттылық пен технологиялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Осылайша, Ұлттық жоба аясындағы іс-шаралар коммуналдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартуға және халыққа көрсетілетін сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.