Қазақстанда бірінші жартыжылдықта 8 649 жалға берілетін пәтер бөлінді, оның ішінде 5361 тұрғын үй жекешелендірілді. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев жалдамалы тұрғын үйді бөлу тетіктері туралы баяндады.
Деректерге сәйкес, жалпы ел бойынша 980 мыңнан астам азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұр. Олар үшін жалға берілетін тұрғын үй және жеңілдетілген ипотекалық қарыздар түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.
Жалдамалы тұрғын үй табысы төмен немесе табысы жоқ азаматтарға кезек ретімен және отбасы мүшелерінің санына сәйкес беріледі. Жалдамалы тұрғын үй мынадай тәртіппен: тұрғын үйдің жалпы көлемінің 20%-ы жетім балалар арасында, 50%-ы бірінші кезектегі құқығы бар азаматтардың 7 санаты арасында бөлінеді. Қалған үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған өзге азаматтарға беріледі.
Жалға берілетін тұрғын үйді алу кезінде тұрғын үйді жалдау шарты жасалады. Осы шарт негізінде отбасы тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін сақтаған кезеңде пәтерде мерзімсіз тұра алады. Тұрғын үйді пайдалану кезінде тұрғын үй заңнамасының талаптары мен жалдау шартының талаптары сақталған жағдайда, азаматтарды тұрғын үйден шығаруға негіз болмайды.
«Егер азаматтар жалдамалы тұрғынжайдан бөлек меншігіне үй алса, онда олар жалдамалы тұрғын үйді әкімшілікке қайтару керек. Жалға алушы азамат қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй отбасы мүшелеріне өтеді. Жекешелендіру кезінде азаматтар жалға берілген тұрғын үйді қалдық құны бойынша бірден немесе 15 жылға дейін бөліп төлеу арқылы сатып ала алады.
Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасында айқындалған кейбір азаматтар жалдамалы тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіре алады. Биылғы 6 айда 8649 тұрғын үй бөлінді. Оның 5361-і жекешелендірілген», — деп түсіндірді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев. Сондай-ақ ол жекешелендірудің ерікті таңдау екенін атап өтті.
Келесі мемлекеттік қолдау шарасы – жеңілдетілген ипотекалық қарыздар.
Жеңілдетілген ипотекалық қарыздар «Отбасы банк» арқылы 2% және 5% мөлшерлемемен беріледі. Азаматтардың 8 санатына, яғни ҰОС ардагерлері, жетім балалар, көп балалы аналар мен отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалары бар отбасылар, басқа мемлекеттер аумағындағы бо қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлері мен жесірлерге теңестірілген ардагерлерге 2% мөлшерлемемен беріледі.
Жеңілдетілген ипотеканың бастапқы жарнасын өтеу үшін азаматтарға қайтарымсыз тұрғын үй сертификаты түрінде қолдау қарастырылған. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 1976 сертификат табысталды. Сертификат алушылар санаттарының тізбесі және мөлшері мәслихаттар шешімімен айқындалады.