Мемлекеттік инвестициялар есебінен салынған құрылыс жобалары енді Qportal арқылы жүргізіледі

Мемлекеттік инвестициялар есебінен салынған құрылыс жобалары енді Qportal арқылы жүргізіледі

Мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылатын құрылыс жобалары бойынша инженерлік ізденістер жүргізу және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары Бірыңғай құрылыс порталы — Qportal.kz арқылы цифрлық форматта жүзеге асырылады.

Портал «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және жобаға қатысушыларға жобалаудың негізгі процестерін бір жүйе шеңберінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, платформада шарттарға қол қою, жұмыс топтарын қалыптастыру, техникалық тапсырмалар мен жұмыс кестелерін әзірлеу және келісу, инженерлік ізденістер нәтижелері мен жобалау-сметалық құжаттаманы келісу, сондай-ақ инженерлік ізденістер мен жобалау бойынша орындалған жұмыстар актілерін рәсімдеу жүзеге асырылады. Барлық операция электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады.

Инженерлік ізденістер жүргізіліп, жобалау құжаттамасы әзірленгеннен кейін материалдар Qportal.kz арқылы сараптамаға жіберіледі. Осылайша, инженерлік ізденістер жүргізу мен жобалау құжаттамасын әзірлеуден бастап, материалдарды сараптамаға жолдауға дейінгі процестер бірыңғай цифрлық ортада жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылатын жобалар бойынша инженерлік ізденістер жүргізу және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары Бірыңғай құрылыс порталы арқылы жүзеге асырылады.

Бірыңғай құрылыс порталында жұмыс істеу жөніндегі толық нұсқаулықтар порталдың басты бетіндегі «Тапсырыс берушіге арналған нұсқаулықтар» бөлімінде орналастырылған. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда пайдаланушылар help@qportal.kz электрондық поштасы немесе +7 (7172) 57-37-30 телефоны арқылы қолдау қызметіне жүгіне алады.