Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Абайдың рухани мұрасына арналған семинар өтті

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Абайдың рухани мұрасына арналған семинар өтті

2026 жылғы 7 тамызда Қазақстанда жыл сайын 10 тамызда атап өтілетін Абай күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде «Абай қарасөздеріндегі дүниетаным мен адамдық құндылықтар» тақырыбында оқыту семинары өтті. Іс-шара Абай күнін мерекелеуге орай ұйымдастырылып, ұлы қазақ ойшылының рухани мұрасын насихаттауға, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге және мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық мәдениетін нығайтуға бағытталды.

Семинардың спикері ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ақтанова Айман Советқызы сөз сөйледі.

Семинар барысында Абайдың қарасөздеріндегі дүниетанымдық қағидалар, олардың жеке тұлғаның адамгершілік бағдарларын қалыптастырудағы және рухани құндылықтарды сақтаудағы маңызы жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар Абай философиясының өзегінде адам тұрғаны, ал адамның қоғамдағы шынайы құндылығы оның атқаратын лауазымымен емес, адамгершілік қасиеттерімен, білімге ұмтылысымен, адал еңбегімен, әділдігімен және жауапкершілігімен айқындалатыны ерекше атап өтілді.

Лектор ұлы ойшылдың шығармаларында көрініс тапқан негізгі құндылықтарды – әділеттілік, ар мен ұят, үздіксіз білім алу, еңбекқорлық, өзін-өзі жетілдіру және халыққа қызмет ету қағидаларын жан-жақты түсіндірді. Бұл құндылықтардың бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағаны, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мәдениеті мен адамгершілік ұстанымдарының берік рухани негізі болып табылатыны айтылды.

Семинар аясында Абайдың бірнеше қарасөзіндегі негізгі идеялар талқыланды. Нақты мысалдар арқылы тұлғаның рухани дамуы, білімнің басымдығы, ішкі адалдық, бірлік, әділеттілік, адал еңбек және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Семинарға қатысушылар ұсынылған материалдың практикалық маңыздылығын атап өтіп, Абайдың философиялық мұрасы адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, адалдық мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметті атқару кезінде жоғары жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға ықпал ететінін ерекше атап өтті.