
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ-да жасанды интеллект, машиналық оқыту, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және цифрлық трансформация салаларындағы шешімдерді әзірлеуге маманданған халықаралық SiriusOne IT-компаниясының өкілімен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстанның құрылыс саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселесі болды. Тараптар бизнес-процестерді автоматтандыру, үлкен көлемдегі деректер мен нормативтік-техникалық құжаттарды талдау, интеллектуалды ақпараттық жүйелерді әзірлеу, сондай-ақ құрылыс объектілерінің өмірлік циклының барлық кезеңдерінде басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін болжамды талдау (predictive analytics) технологияларын енгізу перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану кезеңіндегі заманауи цифрлық құралдарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, объектілердің техникалық жай-күйін бақылау, қауіпсіздік деңгейін арттыру, энергия тиімділігін қамтамасыз ету және пайдалану шығындарын азайту мақсатында IoT датчиктерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары қонақтарға Қазақстанның құрылыс саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін таныстырып, құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологияларын (ТИМСО) енгізу барысы, сондай-ақ елімізде цифрлық құрылыс пен BIM-технологиялардың халықаралық стандарттарын дамытуға бағытталған buildingSMART Kazakhstan ұйымының қызметі туралы баяндады.
«Бүгінде жасанды интеллект – болашағы зор технология ғана емес, құрылыс саласының тиімділігін арттыратын нақты құралға айналып отыр. Оны қолдану ақпаратты өңдеу үдерісін едәуір жеделдетуге, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға және құрылыс саласының цифрлық экожүйесін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті кездесу қатысушылары.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіби ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, тәжірибе және құзыреттер алмасуға, сондай-ақ Қазақстанның құрылыс саласына озық цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған бірлескен жобаларды пысықтауға өзара қызығушылық білдірді.