«Мемсараптама» РМК өкілдері құрылыс саласындағы баға белгілеу және құрылысты ұйымдастыру ісі бойынша халықаралық дөңгелек үстелге қатысты

«Мемсараптама» РМК өкілдері құрылыс саласындағы баға белгілеу және құрылысты ұйымдастыру ісі бойынша халықаралық дөңгелек үстелге қатысты

2026 жылғы 5 тамызда «Мемсараптама» РМК өкілдері «Құрылыстағы баға белгілеу мен сметалық нормалаудың, сондай-ақ құрылысты ұйымдастырудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелге қатысты.

Іс-шараны Құрылыс сараптамасы институтын дамыту жөніндегі IX халықаралық конференция қарарының 2.2-тармағын іске асыру аясында Ресейдің «Главгосэкспертиза» федералдық автономды мекемесі ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның мемлекеттік сараптама ұйымдарының өкілдері қатысып, құрылыс саласындағы баға белгілеу, сметалық нормалау және құрылысты ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылады.

Дөңгелек үстелге «Мемсараптама» РМК атынане бейінді құрылымдық бөлімшелердің басшылары, сондай-ақ кәсіпорынның орталық аппараты, филиалдары мен департаменттерінің мамандары қатысты.

Іс-шара барысында «Мемсараптама» РМК-нің Сараптаманы әдіснамалық сүйемелдеу және сараптама сапасы бөлімінің бас сарапшысы Арман Ермекұлы Абай «Баға белгілеу және құрылысты ұйымдастырудың өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан Республикасының құрылыс саласындағы баға белгілеу мен құрылысты ұйымдастыру тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар ол сараптама қызметінде қолданылып жүрген тәсілдер мен оны жетілдірудің өзекті бағыттары туралы баяндады.

Дөңгелек үстел аясында Ресейдің «Главгосэкспертиза» федералдық автономды мекемесінің өкілдері сметалық құнды бақылауды автоматтандыру, сметалық құжаттаманың анықтығын тексерудің цифрлық құралдары және құрылысты ұйымдастырудың заманауи тәсілдері туралы баяндамалар ұсынды. Сондай-ақ құрылыс мерзімін айқындау, еңбек ресурстарына қажеттілікті есептеу және құрылыс үдерісін күрделендіретін факторларды ескеру мәселелері қаралды. Беларусь Республикасының «Главгосстрой экспертиза» республикалық унитарлық кәсіпорнының өкілі «Құрылысты ұйымдастыру» жобалық бөлімін мемлекеттік сараптамадан өткізу тәжірибесімен бөлісті.

Пікірталас барысында қатысушылар құрылыс саласындағы баға белгілеу мен сметалық нормалау жүйесін жетілдіру, сараптама қызметіне цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ ТМД елдерінің мемлекеттік сараптама ұйымдары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту перспективалары жөнінде тәжірибе алмасты.

«Мемсараптама» РМК өкілдерінің осындай халықаралық іс-шараларға қатысуы шетелдік әріптестермен кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және мемлекеттік сараптама, құрылыс саласындағы баға белгілеу мен құрылысты ұйымдастыру бағытындағы заманауи тәсілдерді дамытуға ықпал етеді.