Тазартылған ауыз су ұсынатын кәсіпорынның өндірісті жаңғыртуға жұмсаған 24 млн теңге шығыны өтелді

Тазартылған ауыз су ұсынатын кәсіпорынның өндірісті жаңғыртуға жұмсаған 24 млн теңге шығыны өтелді

Қазақстан Республикасы Үкіметі отандық өндірісті қолдауды ел экономикасының басым бағыттарының бірі ретінде айқындаған. Осы орайда бизнестің еңбек өнімділігін арттыруға және өнімін нарыққа ілгерілетуге жұмсаған шығындарының 40-50%-ын өтеу тетігі тиімді қолдау құралы ретінде жүзеге асырылып отыр.

Осы бағдарлама аясында Батыс Қазақстан облысында орналасқан «MIDSU» ЖШС-ның өндірісті жаңғыртуға жұмсаған шығындарының шамамен 24 миллион теңгесі мемлекет тарапынан өтелді. Тазартылған, түрлі көлемдегі арнайы ыдыстарға құйылған ауыз су ұсынатын кәсіпорын заманауи автоматтандырылған құю желілері мен су сүзгілеу жүйелерін сатып алып, өндірістік қуатын едәуір арттырып, өнім түрлерін кеңейтті.

«Өндірістік базаны жаңғырту қол еңбегін барынша азайтып, технологиялық үдерістің әр кезеңін қатаң бақылауға және өнімнің қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуіне мүмкіндік берді. Жабдықтарды сапалы орнату және қызметкерлерді оқыту үшін арнайы мамандарды тарттық. Өнеркәсіптік жабдықтарды монтаждау мен қызметкерлерді олармен жұмыс істеуге үйрету арзанға түскен жоқ – бұл жұмыстарға шамамен 60 миллион теңге жұмсалды», – дейді «MIDSU» ЖШС-нің директоры Диас Қазиев.

Кәсіпорын өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алғаннан кейін QazIndustry арқылы онлайн форматта технологиялық жабдықтарды монтаждау және қызметкерлерді оқыту шығындарының бір бөлігін өтеуге өтінім берген. Қажетті құжаттар толық тапсырылып, өтінім мақұлданғаннан кейін кәсіпорынның жұмсалған шығынының 40 пайызы өтелді.

Жыл басынан бері мемлекет отандық өндірушілерге өндірісті дамытуға бағытталған шығындарының бір бөлігін өтеу мақсатында жалпы көлемі 328 млрд теңге қаржы бөлді.

Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларының операторы – QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы. Өтінімдер онлайн форматта QazIndustry порталы арқылы қабылданады.