Жарты жыл ішінде отандық өндірушілермен құны 82 млрд теңге болатын 45 мыңнан астам шарт жасалды

Жарты жыл ішінде отандық өндірушілермен құны 82 млрд теңге болатын 45 мыңнан астам шарт жасалды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың өнімдерін өткізу бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Өңдеу өнеркәсібі саласында алғашқы жарты жылдың қорытындысы бойынша 9,8%-дық өсімге қол жеткізіліп, жалпы өндірілген өнімнің құны 16 трлн теңгеден асты. Елде жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің, киім-кешек пен тоқыма, резеңке және пластмасса бұйымдарының, автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелердің импорты төмендеді.

Сонымен қатар шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,6%-ға өсіп, шамамен $12 млрд-ты құрады. Негізінен металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі өнімдері және құрылыс материалдары экспортталады.

«Министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі – реттелетін сатып алу шеңберінде отандық өндірушілерді қолдау және оларды тауарларын өткізу ісінде ынталандыру. Мемлекеттік сатып алуда 5 323 түрлі тауар бойынша отандық өнімге басымдық берілді. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 82 млрд теңге болатын 45 мыңнан астам шарт жасасты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың 16 шарасы аясында отандық тауар өндірушілермен 3,8 мың шарт жасалды. Оның ішінде 390 млрд теңгеге 286 ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарт бар», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Жер қойнауын пайдалану саласында жалпы сомасы 123 млрд теңгені құрайтын кепілдендірілген сатып алу бойынша 425 шарт жасалды. Қабылданып жатқан қолдау шаралары нақты нәтиже беріп, өнім өткізу нарығын тұрақтандыруға және отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін тиімді пайдалануға ықпал етуде.

Мәселен, Шымкенттегі трансформатор өндірушісінің өндірістік жүктемесі 90%-ға, Семейдегі кабель-өткізгіш өнімдерін өндірушінікі – 72%-ға, ал Қарағандыдағы арқан өндіруші кәсіпорындікі 71%-ға жетті.

Жаңа өндіріс орындарын дамыту аясында 2023 жылдан бері экономиканың құрылымын жаңғыртуға және өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайтуға бағытталған 623 жоба іске қосылды. Бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Олардың қатарында локомотивтердің тірек арқалықтары, автобустардың қаптау элементтері, жүк көліктерінің жетекші ось арқалықтары мен цилиндр блоктары, орындықтар, мультимедиялық жүйелер, тұрмыстық техника, тік жікті дәнекерленген құбырлар, терезе профильдері, талшықты цемент плиталары, ламинат, жылыту радиаторлары және басқа да өнімдер бар. 2030 жылға дейін тағы 478 жоба іске қосылады. Атап айтқанда, алдағы уақытта жаңартылатын энергия көздеріне арналған трансформаторлар, бандаждар, тісті дөңгелектер, престер, сутегі, сутегі пероксиді, желатин мен пептон, асфальтбетонға арналған қоспалар және басқа да жаңа өнім түрлерінің өндірісі жолға қойылады.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндіріс орындары жұмысының қарқынын арттыру және өнім өткізудің кепілдендірілген нарығын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта елімізде Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі қолданысқа енгізілді.

Ірі компаниялар отандық өндірушілермен кепілдендірілген сатып алу шарттарын жасасуды және шағын және орта бизнес белдеуін дамытуды көздейтін елішілік құндылық үлесін арттыру жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарламаларды бекіту жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен бірге жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуатын тиімді пайдаланудың қосымша тетіктері, оның ішінде толлингтік схемаларды қолдану іске асырылып жатыр.

Ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында минералды тыңайтқыштар экспортын лицензиялау енгізілді. Бұл отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді алдын ала келісілген, белгіленген бағамен минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Металл сынықтары айналымын реттеу тетіктерін жетілдіру жалғасуда. Бұл қара металлургия саласын дамытуға, болаттың жаңа маркаларын игеруге, сондай-ақ автомобиль, машина жасау және құрылыс секторларына арналған өнім өндірісін кеңейтуге ықпал етеді.

Ішкі нарықты қорғау мақсатында үшінші елдерден цемент, гипсокартон, табақ шыны, тас бұйымдары және құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар импорттауға шектеулер енгізілді. Қабылданған шаралар ішкі нарықтағы бағаларға теріс әсер етпей, отандық өндірістің дамуын қамтамасыз етті.

Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделі әзірленді. Ол АЭА-лар құру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қатысушыларды іріктеу, инвестициялық жобаларды іске асыру, қабылданған міндеттемелердің орындалуын мониторингтеу және АЭА-ларды басқару жүйесін ұйымдастырудың негізгі кезеңдерін қамтиды.

2030 жылға дейінгі Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Сондай-ақ арнайы мақсаттағы көлік құралдарын өндіру кезінде отандық компоненттерді пайдалануды қарастыратын заңнамалық өзгерістер енгізілді.

«Министрлік алдағы уақытта да отандық тауар өндірушілерді қолдау, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту және қазақстандық өнімнің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді», – деп түйіндеді сөзін Ерсайын Нағаспаев.