«Қазтізілімде» тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алу бойынша жаңа функция іске қосылды

«Қазтізілімде» тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алу бойынша жаңа функция іске қосылды

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай цифрлық жүйесі – «Қазтізілімде» жаңа функция іске қосылды. Енді уәкілетті компаниялар осы функция арқылы тұрғын үй нысандарын салуға үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алу үшін өтінімді электрондық форматта бере алады.

Мемлекеттік қызмет толық цифрлық форматта көрсетіледі. Барлық тиісті әрекеттер тікелей «Қазтізілім» жүйесінде жүзеге асырылады. Өтінімді үлескерлердің қаражатын тартуды жоспарлап отырған уәкілетті компания береді, ал оны жергілікті атқарушы органдар қарайды.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – жүйе арқылы өтінім келіп түскен сәттен бастап 8 жұмыс күні. Қарау нәтижесі бойынша өтініш беруші үлескерлердің қаражатын тартуға электрондық тұрғыда рұқсат ала алады.

«Бұл жаңа мүмкіндік рұқсат алу үдерісін мейілінше ыңғайлы әрі тиімді етеді. Өтінімдерді беру және қарау бірыңғай цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл уәкілетті компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді, қағаз құжат айналымын қысқартады, құжаттарды өңдеу уақытын жеделдетеді және мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай әрі ашық тәртібін қамтамасыз етеді», – дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу басқармасының басшысы Біржан Елеусіз.

Жаңа функцияның іске қосылуы Қазақстанның құрылыс саласын цифрландыру бағытындағы кезекті маңызды қадам болды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстандық тұрғын үй компаниясымен бірлесіп, «Қазтізілім» жүйесін одан әрі дамыту, оның мүмкіндіктерін кеңейту және үлестік құрылыс нарығының цифрлық экожүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда.

https://t.me/minpromstroykz/9867