Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа нормаларды қолдану мәселелері бойынша семинар өтті

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа нормаларды қолдану мәселелері бойынша семинар өтті

2026 жылғы 30 шілдеде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде 2026 жылғы 12 маусымдағы №311-VIII және №312-VIII Қазақстан Республикасының заңдарымен енгізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістерді түсіндіруге арналған оқыту семинары өтті.

Іс-шара барысында мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін жетілдіруге, лауазымды адамдардың дербес жауапкершілігін арттыруға және алдын алу тетіктерін күшейтуге бағытталған заңнамалық жаңалықтар таныстырылды.

Семинар барысында қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістерге ерекше назар аударылды. Заңсыз сыйақы беру, пара ұсыну және уәде ету, пара талап ету, сондай-ақ коммерциялық сатып алу және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына арандату үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа қылмыс құрамдары түсіндірілді. Сонымен қатар заңсыз сыйақының елеусіздігі ұғымына қатысты жаңа тәсілдер мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы туралы ерікті түрде хабарлаған жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босату негіздері қарастырылды.

Қатысушыларға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, «жеке мүдде» ұғымының енгізілуі, мүдделер қақтығысын бағалау кезінде байланысты адамдар шеңберінің кеңейтілуі, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің өздеріне белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы уақтылы хабарлау жөніндегі жаңа міндеттері жан-жақты түсіндірілді.

Семинар аясында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер қарастырылып, сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы хабарламағаны үшін, сондай-ақ басшылардың келіп түскен хабарламалар бойынша заңда көзделген шараларды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауаптылық мәселелері түсіндірілді.

Семинардың практикалық бөлімінде қызметтік міндеттерді орындау барысында туындауы мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің типтік жағдайлары талданды. Нақты мысалдар негізінде сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған кездегі мемлекеттік қызметшінің іс-қимыл алгоритмі, ықтимал құқық бұзушылықтар туралы хабарлау тәртібі, мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда жаңа заңнамалық талаптарды қолдану, сондай-ақ тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтың аражігін ажырату мәселелері қарастырылды.

Осындай оқыту іс-шараларын өткізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолданудың бірыңғай тәжірибесін қалыптастыруға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызмет жүйесінде заңдылық, ашықтық және адалдық қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.